Имамдар Ресейге ұшатындарға арнайы уағыз айтады

0

Өзбекстан билігінің әуежайда молдаларға уағыз айтқызатын бұл науқанының басты мақсаты — жұртты террорлық және экстремистік топтарға қосылып кетуден сақтандыру.

Шілденің 15-інде өзбекстандық әлеуметтік желілерде жарияланған бір видеода жергілікті имам Ресейге ұшқалы тұрған жолаушыларға насихат айтып тұр.

Әуежай өкілімен бірге келген Абдувосит есімді имам жолаушыларға террорлық ұйымдар туралы ескертіп, мұндай топтарды «заманымыздың ең зор қаупі» деп сипаттайды.

Діни қызметкер күту залындағы топ жолаушыны «Исламның атын жамылған, ел-жұрттың, әсіресе діни ілімді интернеттен іздейтіндердің басын айналдырып, соңынан ертетін террорлық топтардан сақтануға» шақырады.

«Бұл, әсіресе, Ресейдегі [еңбек мигранттарының] арасында болып тұрады. Егер ислам туралы ақпарат керек болса, діни біліміңізді күшейткіңіз келсе, мұндай ақпаратты оп-оңай өзбекстандық [билік қолдайтын] muslim.uz, islom.uz немесе біздің ravza.uz вебсайттарынан таба аласыздар» дейді имам Абдувосит.

Muslim.uz — мемлекет қолдайтын Өзбекстан мұсылмандары басқармасының ресми сайты, ал ravza.uz осы басқарманың Наманғандағы аймақтық кеңсесіне қарайды.

Наманған халықаралық әуежайы Азаттыққа мемлекеттің терроризмге қарсы іс-шарасының бір бөлігі ретінде тұрақты түрде уағыз өтіп жатқанын растады.

— Бұл уағыздарды Ресейге жұмыс істеуге кетіп бара жатқан жолаушыларға арнап дін істері жөніндегі комитет ұйымдастырып отыр, — деді аты-жөнін жарияламауды өтінген өкіл Азаттыққа шілденің 15-і күні, — Барлық жолаушыны көшеде жинап алу мүмкін болмаған соң уағыз құжат тексеруден кейін ұшу қақпасының алдында айтылады.

Өзбекстандағы әуежай. Көрнекі сурет

Өзбекстандағы әуежай. Көрнекі сурет

Әуежай өкілі уағыздардың негізінен Ресейге ұшып бара жатқан жолаушыларға айтылатынын ескертті. Өзбекстан мен Орталық Азияның тағы бірнеше елінен шыққан еңбек мигранттары көбіне Ресейден жұмыс іздейді.

Уағыздар Наманғаннан Мәскеуге, Санкт-Петербургке, Екатеринбургке, Новосибирскіге және басқа да ресейлік қалаларға ұшатын рейстердің алдында өтіп жатыр.

Орталық Азиядағы халық саны ең көп (32 миллион) Өзбекстанның кем дегенде екі миллион тұрғыны Ресейдегі құрылыс орындарында, зауыттарда немесе ауылшаруашылық саласында еңбек етіп жүр.

Жүздеген еңбек мигранты Ресейде жүріп діни радикализмге ұрынып, Сирия мен Ирактағы ДАИШ экстремистік тобына қосылып кеткен еді.

Тырс еткен артық ақпарат шығармайтын Өзбекстан билігі нақты қанша азаматының ДАИШ-ке қосылғаны туралы ресми мәлімет жариялаған емес. Бұл экстремистік топ 2014 жылдан бастап Сирия мен Иракта «халифат орнатамыз» деп қарулы қақтығыс тудырған. АҚШ бастаған халықаралық әскери коалиция ДАИШ-ті соңғы жылдары қатты тықсырып, биыл экстремистер өздеріне қараған территорияның ең соңғы бөлігінен айырылған.

Өзбекстан бұрын да имамдары мен белгілі діни тұлғаларын Ресейге жіберіп, сондағы өзбек мигранттарды «солқылдақ адамдарды нысана қылатын» экстремистік және террорлық топтардан сақтандырып келген.

Имамдардың Өзбекстандағы басқа да әуежайларда осындай уағыз айтып жүргені туралы әзірше ақпарат жоқ.

Елдегі ең ірі Ташкент халықаралық әуежайының өкілдері Азаттыққа берген комментариінде жолаушыларға мұндай уағыз ұсынбайтынын мәлімдеді.

Ал Наманғандағы әуежайда насихат айтушы имамдар Ресейге бара жатқандарды «қайда жүрсе де», жұбайларына, діндеріне және елдеріне адал болуға шақырып бағып жатыр.

«Қайда жүрсе де, мұсылман әйел күйеуінің, ал мұсылман ер әйелінің көзіне шөп салмауы тиіс. Өйткені Құдай шектен шығушыларды жаратпайды» дейді Абдувосит.

Осындай уағыздың айтылуына себеп те жоқ емес. Нәпақа табу үшін Ресейге ұзақ уақытқа кетуге мәжбүр болған өзбекстандықтардың ішінде әйелдерінен ажырасқандар баршылық.

Имам Ресейге бара жатқандарға ата-аналары мен бала-шағасының алдындағы «қаржылық және моральдық жауапкершілікті ұмытпау» туралы да ескертті. Миллиондаған өзбек онсыз да осы себеппен Ресейде жұмыс істеуге мәжбүр.

Azattyq