Имам ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ адамдарға кеңес берді
Қысқа сілтеме алу
Созылмалы ауруға шалдыққан, үлкен жастағы қарияларға оразаны ұстамауға рұқсат, бірақ олар әрбір күннің оразасы үшін фидия садақасын төлеуге міндеттеледі
АЛМАТЫ, 23 сәуір– Sputnik. Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай Рамазан айында ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ азаматтарға кеңес берді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Рамазан айында ораза ұстай алмайтын кісілер болады. Емізулі баласы бар немесе жүкті әйелдер, денсаулығы көтермейтін кісілер бар. Сапарға шығатын кісілерге де шариғаттың жеңілдігі бар. Оларға осы Рамазан айында оразаларын ашуына рұқсат, кейін денсаулықтары орнына келгеннен кейін, сапардан оралғаннан кейін оразаларының қазасын ұстайды», — деді имам.
Сонымен қатар ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ адамдарға арналған фидия садақасының көлемі 1 700 теңге болып бекітілгенін хабарлады.
«Болашақта мүлде ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ азаматтар да бар. Созылмалы ауруға шалдыққан, үлкен жастағы қарияларға оразаны ұстамауға рұқсат, бірақ олар әрбір күннің оразасы үшін фидия садақасын төлеуге міндеттеледі. Фидия садақасы деген бір күндік міскіннің тамағы. Елдегі асханалардағы тағам бағасын зерттей келе, ҚМДБ мен оның жанындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен фидияның көлемі 1 700 теңге болып бекітілді. Яғни жағдайы төмен бір адамның екі мезгіл тоя ішетін тамағы. Бұл ең төменгі баға», — деді ол.
«Суды көбірек ішу керек»: бас санитар ораза ұстайтындарды сақтандырды
Сонымен қатар имам бұған дейін қалада жыл сайын мешіт жанында ауызашар беретін кәсіпкерлерге төтенше жағдай кезінде қалай көмек көрсетуге болатынын айтты.
«Қайырымды жандардың көмегімен жыл сайын мешіт жанында дастарқан жайылатын. Биыл бұлай болмайды. Карантин режимін бұзуға болмайды, сондықтан затты үйге жеткізіп беретін қызметті қолдану арқылы жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға ауызашар тағамын жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді орталық мешіттің бас имамы.
sputniknews.kz