ИМ Магнитогорскідегі апатты мойнына алды

0

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы Ресейдің Магнитогорск қаласында көпқабатты үйдегі 39 адамның өмірін қиған жарылысты мойнына алды. Экстремистік ұйымдардың интернеттегі қызметіне бақылау жасайтын SITE зерттеу тобы ИМ-нің Al-Naba интернет ресурсында «Магнитогорскідегі көпқабатты үйде және автобуста болған жарылысты мойнына алғанын» хабарлады.

31 желтоқсанда Магнитогорск қаласындағы он қабатты үйде жарылыс болып, бір подъезд толық қираған. Апаттан 39 адам қаза тапқан. Ресми органдар жарылысқа бөлмеге тараған газ себеп болған деп мәлімдеген.

ИМ мәлімдемесінен соң Ресей тергеу комитеті 18 қаңтарда тергеушілер жарылысқа газ шығуы себеп болуы әбден мүмкін деген болжамды әлі тексеріп жатқанын хабарлады.

1 қаңтарда тергеу комитеті билік жарылысқа себеп болуы мүмкін «барлық ықтимал факторды» тексеріп жатқанын, алайда оқиға орнынан бомба жарылғанына айғақтар табылмағанын мәлімдеген.

Бұған дейін екі медиаресурс өз дереккөздеріне сілтеме жасап, қираған үй орнында «жарылғыш зат сынықтары табылғанын» және «жарылыстың террорлық акт болуы мүмкін» екенін хабарлаған еді. Бірақ бұл ақпарат расталмаған. Ал 1 қаңтарда Магнитогорскіде жүк көлігі өртеніп, үш адам қаза тапқан. Ресми органдар өрт газ жарылысынан шығуы мүмкін екенін хабарлаған.

Ресейде соңғы 25 жылда көпқабатты үйлерде адам қазасына ұшыратқан бірнеше жарылыс болған. Билік ол жарылыстарды Солтүстік Кавказдағы содырлардан көрген. Ресейде тұрмыста қолданылатын газ жарылысы да талай адамның өмірін қиған.

Ресейде «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына тыйым салынған.

Дереккөз: Азаттық