Илья Ильин: «Шаршадым, мансабымды аяқтағым келеді»
Ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин мәлімдеме жасады.
Ол Instagram желісіндегі парақшaсына ауыр атлетикаға қалай келгенін, карьерасын аяқтауды ойлап жүргенін жазды.
«24 жыл бұрын мына бала ағасымен бірге ауыр атлетика залына кірді, әлі күнге дейін осы залда жүр. Жеңісті күндер көп болды, жаңа жеңістер де болатынына сенімдімін. Туысқандары мен жақындарына және спорттық өмірінде, күнделікті өмірінде көмектесіп жүрген басқа да адамдарға әлі тірі және денсаулығы мықты болғаны үшін рақмет. Жасым 30-ға келді, әлі күнге залда жүрмін. Иә, шаршадым… », – деді Илья Ильин.
Сонымен қатар Илья спорттық мансабының әдемі аяқталғанын қалайтынын айтты.
« Әлдекімге өзімнің күшті, таза екенімді дәлелдеу үшін емес, 4 Олимпиадаға қатысатынымды мақсат еткенім үшін осы жолда келемін. Шаршадым және аяқтағым келеді, алайда әдемі аяқтасам деймін. Егер олай болмаса, бәрі-бір өзімнің спорттық жолымды бақытты деп білемін», – дейді ауыр атлет.