Илья Ильин Өзбекстанға алтын әперген жеке бапкерінің артықшылығын айтты

0

Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Өзбекстанда қызмет атқарып жүрген бапкері Ержас Болтаев жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды ЭК.

Токиода ауыр атлетикадан ерлер арасында 109 келіге дейінгі салмақта Өзбекстан спортшысы Акбар Джураев чемпион атанған. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша Олимпиада рекордын тіркеп, 430 келіні бағындырған еді. Спортшының дайындығына қазақстандық ауыр атлет бапкері Ержас Болтаев та үлес қосқан. Ол 2019 жылдың ақпан айынан бері көрші елдің құрмасында қызмет атқарып жүр.

Ержас Болтаев Қазақстанда төрт дүркін әлем чемпоны Илья Ильиннің жеке бапкері ретінде жақсы таныс. Ол тағы бір ауыр атлетика маманы Тойшан Бектеміровпен бірге Ильинді Лондон Олимпиадасына дайындаған. Өкінішке қарай, кейіннен допингке байланысты алтын жүлдесінен айрылып қалды.

«Ержас Болтаев — шынымен керемет жаттықтырушы! Мен онымен әлі күнге дейін жақсы қарым-қатынастамын. Сол секілді Өзбекстанның ауыр атлетика құрамасымен де жақсы байланыстамыз. Токио Олимпиадасына Ержаспен бірге бара алмағаныма өкінемін. Бірақ бұл менің өз таңдауым болды. Болтаевтың соңына еріп, төртінші Олимпиадама да қатысып қайтуға болар еді. Алайда олай істемедім. Ал бапкерім үнемі ізденісте. Оның сараптама жасай алатын аналитикалық қабілеті жоғары. Интеллектісі жоғары маман. Жаңшылдыққа құмар. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым қатардағы спортшыдан кәсіби атлет дайындай алады», — дейді Илья Ильин.