Ілияс Есенберлиннің туыстары тың деректі бөлісті

0

Туысқандарының айтуынша, жазушыны марапаттау туралы бұйрық жуырда архивтік ақпарат ресурсынан табылған

НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. Әйгілі қазақ жазушысы Ілияс Есенберлин көзі тірісінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Алайда қаламгер бұл марапаттан хабарсыз болған. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға жазушының туыстары хабарлады.

«1941-1945 халық ерлігі» сайтында соғыс біткеннен кейін бірден, 1945  жылы Ілияс Есенберлинді ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапаттау туралы ақпарат жарияланған. Марапат КСРО ҚК 29.06.1945 жарлығына сәйкес берілген.


©
Photo : из архива семьи Ильяса Есенберлина

Жазушы Ілияс Есенберлин

Алайда әйгілі қазақ жазушысы жеке құжаттарында мұндай жауынгерлік наградасы барын еш уақытта көрсеткен емес. Соған қарағанда, қаламгердің өзі де, оның жақындары да марапаттан хабарсыз болған сияқты. Ілияс Есенберлиннің Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде үнемі тағып жүрген марапаттарының арасында тек екі жауынгерлік награда – «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдары болған.


©
Photo : из архива семьи Ильяса Есенберлина

Қаламгер жауынгерлік Орденмен марапатталғанын өзі де білмеген

Ілияс Есенберлин – қазақтың әйгілі жазушысы, «Алтын Орда» және Көшпенділер» тарихи трилогияларының авторы. Майданға аттанып, 1942 жылы қаңтарда Старая Русса түбінде аяғынан ауыр жараланады. Кострома қаласындағы госпитальде бір жыл жатып, 1943 жылы мүгедектігіне байланысты соғысқа жарамсыз деп танылып, Қазақстанға оралады. Жазушының кітаптары көптеген тілге аударылып, 8 миллионнан астам дана болып басылып шықты. Есенберлин шығармалары жапон тіліне аударылған жалғыз қазақ жазушысы.



sputniknews.kz