Ілгері жүру мен ірілену | «Айқын» газеті
Бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумына қатысқан ақтөбеліктер өңірге оралған соң цифрландыру, көшбасшылықты сақтау, саннан сапаға көшу жұмыстарын талқылады. Бұл ретте, еркін ой мен ұсынысқа жол ашық. Тың идеяға қолдау бар.
Республикалық форум делегаттары «Нұр Отан» партиясының бастауыш партия ұйымдары мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесуде форумның қорытындысы талқыланып, бастауыш партия ұйымдарының қызметін трансформациялаудың негізгі бағыттары түсіндірілді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ БПҰ төрағасы Абай Сақтағановтың айтуынша, партия филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының алдында тұрған басым бағыттардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауының стратегиялық маңызын түсініп, оны тиімді іске асыру. Осы бағытта қоғамдық бақылау жұмыстарын күшейтіп, оның мәні мен маңызын әр қазақстандыққа жеткізу қажет. Саяси доктринаның негізгі құндылықтарын және партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіру, бастауыш ұйымдарға жергілікті халықтың проблемалары, әлеуметтік қақтығыстар туралы жедел ақпараттандыру міндеті жүктелген.
«Форумда айтылған мәселенің бірі – саннан сапаға көшу. Қатарымызға халықтың мәселесін көтеретін, ойын ашық айта алатын жастарды, белсенді азаматтарды тартуымыз қажет. Яғни, белсенді азаматтар мен жастарды жұмылдыру арқылы партия жұмысын күшейтудің маңызы зор», – деді Абай Сақтағанов. Бұл ойды облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Хайдар Ілиясов толықтырды.
«Саяси көшбасшылықты сақтау үшін бізге партиялықтардың қатарын нығайту қажет. Осыған байланысты партияға қабылдау үрдісі жетілдіріледі. Бұл партияға кіруге ниет білдірген үміткерлерді іріктеу рәсімдеріне де, сондай-ақ партияның қалыптасқан мүшелерінің қозғалысы мен дамуын есепке алу процесіне де қатысты болады», – деді Хайдар Ілиясов.
Бастауыш ұйымдарының халықпен жұмысын арттыру үшін төрағаларды идеология, менеджмент, психология саласына оқыту керек. Бұл адамдармен жұмыс істеп, елді түсінуге, елдегі саясатты жеткізуге, тиімді ұсыныстар қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ цифрлық технологияларды кеңінен қолданып, «Цифрлы партия» жобасын жүзеге асыруда белсенді әрекет ету тапсырмасы бар.
«Тұжырымдамада баяндалған ішкі партия жұмысының жаңа форматы БПҰ қызметіндегі жаңғырту үдерістерін жандандыруға және «Нұр Отан» партиясының көшбасшылық ұстанымын нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», – деп сөзін қорытындылады Хайдар Ілиясов.
Қазіргі кезде Ақтөбеде 257 бастауыш партия ұйымы бар. «Трансэнерго» АҚ-дағы бастауыш партия ұйымы республика бойынша «Өрлеу» номинациясын жеңіп алды.
Алтынай САҒЫНДЫҚОВА, Ақтөбе облысы