Иірімі көп Есік көлі

0

Алматының шығысынан 70 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 1756 метр биікте жатқан Есік шатқалында Есік көлі бар. Көл Іле Алатауының теріскей бауырында, Есіктен оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде орналасқан. Суы – мөлдір әрі көгілдір түсті.

Жағалау бойында өсіп тұрған Тянь-Шань шыршасы көлге ерекше көрініс береді. Көлдің жартасты жиектерінде жанаргүл мен ақселеу өседі. Еңлікгүл, қызғалдақ пен шыршаның бейнесі тұнық көлдің бетіне түсіп, өте әдемі көрінеді. Есік көлінің суы жаңбыр жауса біраз уақыт қоңырқай тартып, кейін өз қалпына қайта келеді. Бұл – көлге таудан құлаған селдің лай суы.

1939 жылдан бері Есік көлінің жағалауында туристерге арналған демалыс орындары мен балалардың лагері жұмыс істеді. Көлдің табиғи көрінісі демалыс орнының жарнамасына айналды. Түрлі плакат, күнтізбе мен маркаларға басылып, кітаптарда жарияланды.

1963 жылдың 7 шілдесінде Есік көлінде табиғи апат болды. Көл деңгейінен едәуір жоғарыда тұрған Жарсай мұздығының шеткі бөлігі опырылып құлап, суқойманы қиратады. Салдарынан мыңға жуық адам апаттан зардап шекті. Демалыс  үйлері мен балалар лагерінің де тас-талқаны шыққан. Сонымен бірге тау өзені саналатын Құлжаның да арнасы бұрылып, тасжолдарды шайып кетеді.

Бұл Кеңес Одағындағы ең ірі су тасқынының бірі болды. Осы апатқа дейін көл тереңдігі 50-79 метр болатын. Қазір судың деңгейі әлдеқайда төмен. Маусымға байланысты өзгеріп отырады. Соған қарамастан көлде бақтақ балығы кездеседі.

Қазір көлді биіктігі 50 метрлік бөгет ұстап тұр. Иірімі көп болғандықтан көлге шомылуға болмайды. Бірақ мұндағы табиғат көрінісі саяхатшыларды қызықтырады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz