ІІМ сайлау учаскелеріндегі жағдай туралы айтты
Арал қаласында сайлаушы мас күйінде келіп, жәшікті аяғымен теуіп сындырған
НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, жалпы сайлау учаскелерінде жағдай тұрақты. Тек бір-екі факті бойынша ғана тексеріс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Жалпы осы сағатқа дейін сайлау учаскелеріндегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ. Сайлау комиссияларына арыз келіп түскен жоқ», — деді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ОСК-да өткен брифингте.
Тек, оның айтуынша, бір-екілі оқиға бойынша тексеру шаралары жүріп жатыр.
«Мәселен, Қызылорда облысындағы Арал қаласында №42 сайлау учаскесінде таңғы сағат тоғызда Искаков деген азамат мас күйінде келіп, сайлау жәшігін аяғымен теуіп сындырған. Қазір ол кісі медициналық мекемеге жеткізіліп, әкімшілік жазаға тарту мәселесі қаралып жатыр», — деді ол.
Ол ішкі істер органдарының жеке құрамы 7-11 маусым аралығында күшейтілген режимге көшкенін айтты. Әкімшілік және мемлекеттік органдармен бірлесіп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін арнайы штабтар құрылған.
«Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті 10 мың полиция қызметкері және Ұлттық ұлан әскері қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, біздің жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камералары қадағалап отыр. Ол үшін екі ауысымдық режимде 19 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істеп жатыр», — деді Қожаев.
Оның айтуынша, сайлау учаскелеріндегі оқиғаларға уақытылы ден қою үшін әрбір қалалық, аудандық органдарда мобильді жедел тергеу топтары құрылуда. Олардың құрамына прокуратура қызметкерлері де кіреді.
sputniknews.kz