ІІМ Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митингіде 80 адам ұсталғанын хабарлады

0

1 мамырдағы Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық кезінде шамамен 80 адам ұсталған. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

«Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды, Ақтөбеде рұқсат етілмеген митинг өтті. Шараға қатысушыларға әлеуметтік және басқа да мәселелер жайлы ойларын ашық айтуға мүмкіндік берілді. Бірақ Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірнеше қатысушы өздерін дөрекі ұстап, елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының ұрандарын айтты» деп жазылған министрлік мәлімдемесінде.

ІІМ мәлімдеуінше, «әкімдік өкілдері мен прокурорлардың ескертуіне құлақ аспаған» азаматтарға полиция шара қолданып, 80 адамды полиция бөлімшелеріне жеткізді.

Министрлік ұсталғандардың іс-әрекетіне «заңға сай құқықтық баға берілетінін» хабарлады.

ІІМ мәлімдемесінде азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмай, Қазақстан заңдарындағы талаптарды сақтауға шақырды.

Нұр-Сұлтандағы Байқоңыр аудандық полиция бөлімшесінде болған Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің хабарлауынша, бірнеше адамды төрт сағаттан артық ұстап, босатқан.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылыұ шарасы өтті. Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президент емес!», «Дариға спикер емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айқайлады.​

Azattyq