ІІМ Арыстағы жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғады

0

Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасы Арыстағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы 24 маусымда министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу Қылмыстық кодекстің «Қару және қауіпті заттарды сақтау ережесін бұзу» бабы (462-бап, 1-тармақ) бойынша жүргізілмек.

Министрлік Арыс қаласынан эвакуацияланған тұрғындардың жеке заттары мен үйлерін жүздеген полицей қарауылдайтынын мәлімдеді.

Түркістан облысы әкімдігі облыста төтенше жағдай жариялады. Арыс қаласы мен қала маңындағы елдімекендерден мыңға жуық адам Шымкентке эвакуацияланды. Билік жарылыс себептерін тексеру үшін арнайы комиссия құрды.

24 маусым таңертең Арыстағы әскери қоймада жарылыс болды. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Арыстағы Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Қазақстан үкіметі алғашында «жарылыстан зардап шеккендер жоқ» деп хабарлаған.

Кейін Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен 25 адам Шымкенттегі № 1 қалалық ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Аурухана бас дәрігері Абылай Донбай халі ауыр үш адам жан сақтау бөліміне жатқызылғанын айтты. Бұдан бөлек, Отырар ауданындағы орталық ауруханасында Арыстағы жарылыстан жапа шеккен 34 адамға медициналық көмек көрсетілген.

Арыста бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы мен жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

2014 жылы Арыс қаласындағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, екі адам қаза тапқан.

2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

43 мыңға жуық адам тұратын Арыс қаласы Шымкенттен 97 шақырым жерде жатыр.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз