ІІ Елизаветаны жерлеу рәсіміне Қазақстаннан кім барды?

0

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ұлыбританияда ІІ Елизаветаны мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Лондонға ұшып барған.

«18 қыркүйекте Сенат төрағасы Вестминстер холында королевамен қоштасу рәсіміне қатысып, ресми көңіл айту кітабына Қазақстан Республикасы атынан жазба қалдырды. Ол II Елизавета ерекше көшбасшы және ұлттың бірлігі мен тұрақтылығы символы болғанын, оның ерекше тектілігі, қадір-қасиеті мен жетістіктері бүкіл әлемдегі миллиондаған адамды шабыттандыратынын атап өтті», — делінген хабарламада.

Сол күні Мәулен Әшімбаев Букингем сарайында Ұлыбритания королі III Чарльзбен сөйлескен.

19 қыркүйекте құрамында сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бар қазақстандық делегация Вестминстер аббаттығында патшайым II Елизаветаны жерлеу рәсіміне қатысты. Салтанатты шараға корольдік отбасы мүшелері, мемлекет және үкімет басшылары, дипломаттар мен қоғам өкілдері бар 2000-ға жуық қонақ қатысқан.