Ибрагимова неліктен жаңа үйге ғана ипотека берілетінін түсіндірді

0
37

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

«5-10-20» бағдарламасы аясында жаңа үйлерге ипотека берілсе, құрылыс саласы жандана түседі. Бұл – дағдарысқа қарсы жоспардың негізгі міндеті

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. «5-10-20» бағдарламасы аясында тек жаңа үйлерге ғана ипотека беріледі. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бұл бағдарлама дағдарысқа қарсы жоспар аясында қолға алынып отыр. Сондықтан қайталама нарықтағы үйлерге ипотека бермеуге шешім қабылданды, кредит тек жаңа пәтерлерге ғана беріледі», – деді Ибрагимова Tengri TV арнасына берген сұхбатында.

Оқи отырыңыз: «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы шілдеде іске қосылады 

Оның айтуынша, жаңа үйлерге ипотека берілсе, құрылыс саласы жандана түседі. Бұл – дағдарысқа қарсы жоспардың негізгі міндеті. Ал жаңа үйлердің құрылысы жанданса, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады.

«5-10-20» бағдарламасы бойынша әкімдіктер салған үйлер таратылады. Жекеменшік құрылыс компаниясынан да пәтер алуға болады. Алайда кредиттің сомасына шектеу қойылады.

«Әзірге біз Нұр-Сұлтан мен Алматы бойынша 18 миллион теңге, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент пен Қарағанды облысында 15 миллион теңге, қалған аймақтарда 12 миллион теңгенің шекті сомасын ұсындық. Бұның бәрі әлі де талқыланады «, – деп атап өтті Ибрагимова.

Банк басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі есеп-қисаппен Нұр-Сұлтан қаласында пәтердің бағасы бір шаршы метрі 300 мың теңге болса, 60 шаршы метрлік үйді ипотекаға алуға болады.

«Бүгінде шекті соманы арттыруға қатысты ұсыныстар түсіп жатыр. Алайда оны арттырса, төлем қабілеттілігі жағынан қиналатын адамдар көбейеді», – деді Ибрагимова.

Айта кетейік, жаңа тұрғын үй бағдарламасына кезекте тұрған адамдар ғана қатыса алады. Бүгінде республика бойынша олардың жалпы саны – 540 мың адам. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме мамандары, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер, әскерилер мен мүгедек баласы бар отбасылар бар.

Қатысушылардың атында соңғы бес жылда үй болмауы керек. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында үш жылдық тұрақты тіркеу болуы шарт.



sputniknews.kz