HRW Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатуға шақырды

0

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия мәселелері бойынша зерттеушісі Мира Ритман 9 маусымда өтетін президент сайлауының «алдыңғы сайлаулардан еш айырмашылығы болмайды» деп санайды. Ол елдегі билік транзитін «мұқият жоспарланған және қатаң бақылауда тұрған әрекет» деп бағалады.

5 маусымда жарияланған «Қазақстандағы сайлаулар мен транзит елесі» атты мақалада Ритман Назарбаев отставкасынан кейін «авторитарлы жүйенің» сол күйі қалғанын жазған. Ол елде бұрынғыдай бейбіт жиын өткізуге кедергі жасалатынын, оған қатысушыларды ұстап қамайтынын, сөз бостандығы шектелетінін, журналистерге қысым көрсетіп, сайттар мен әлеуметтік желілер бұғатталатынын айтқан.

Зерттеушінің жазуынша, соңғы жылдары ел билігі белсенділер, құқық қорғаушылар, журналистер, заңгерлер мен кәсіподақ басшыларына қысым жасау үшін оларға қарсы қылмыстық іс қозғап, қудалаудың түрлі амал-әдістерін қолданған. Зерттеуші 2016 жылғы жер митингілерінен кейін бес жыл түрмеге қамалған Макс Боқаевты мысал ретінде келтіреді.

Мира Ритман сайлау кампаниясының қысқалығы, оппозициялық белсенділікті шектеу, сонымен бірге кандидаттарда бар ресурстарды есепке алғанда бұл сайлаудың алдыңғы сайлаулардан айырмашылығы бола қоймайды деп санайды.

«Тоқаев Назарбаевтың «стратегиялық бағытын» жалғастыруға уәде берді. Алайда «Назарбаев мұрасы» — қуғындау, сыншыларды түрмеге тоғыту, өзгеше ойлайтындарға қысым көрсету, сөз бостандығын тұншықтыру — болашақ Қазақстанда болмауы тиіс» деп жазады Ритман.

Ритманның ойынша, Қазақстанның жаңа президенті сөз бостандығы ахуалын жақсарту, бейбіт жиын өткізуге рұқсат ету, Мақс Боқаев және өзге де түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатып, шынайы саяси оппозицияға жол ашу үшін «шұғыл түрде ірі қадамдар жасауы тиіс».

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков — «Қазақстан комунистік халық партиясы»,
  • Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы,
  • Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков — «Ауыл» партиясы,
  • Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев — «Нұр Отан» партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталған. Үгіт жүргізу жұмыстары маусымның 8-і күні аяқталады.

Azattyq