Хостелдегі өрт: марқұмдардың туыстары оқиға орнына келді

0

30 қараша күні шамамен таңғы сағат 5.33-те Әди Шәріпов көшесі, 86 мекенжайындағы «Almaty Hostel» хостелінің жертөлесінен өрт шығып, 13 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Kznews.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға орны толық қоршауға алынып, кіру шектелген. Қабанбай батыр мен Әди Шәріпов көшесінің қиылысындағы нысан маңына Үндістан азаматтары достарын іздеп келген.

 Inbusiness.kz-ке арнайы сұхбат берген Агдам Кан Алматыдағы Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетірде 4-курста оқиды. Бір апта бұрын оның әпкесі өрт болған хостелде тұрған.

«Осында әпкем мен достарым тұрған. Әпкем көшіп кетті де, достарым қалды. Осы жағдай туралы естіп, іздеп келдім. Олар тірі шығар деп үміттенемін. Телефондары сөндірулі», – деді үндістандық студент.

Оқиға болған уақытта хостелде 70-ке жуық адам болған. Жалпы уақытша пана іздегендер келетін нысан 100 адамға дейін қабылдап келген. Бір түн қону адам басына 2000-2500 теңге тұрады.

«Бұл хостел Алматы қаласы жоғары оқу орындарымен студенттердің тұруы үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған жоқ. Студенттердің осы хостелде тұруына өтініш түскен жоқ, студенттерді хостелге орналастыру жұмысы жүргізілмеді», – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Сағат 11:30-дағы жағдай бойынша Алматы әкімдігі эвакуацияланған 56   тұрғынының 49-ын үш локацияға орналастырды. Қалған 7 адам мұндай көмектен бас тартты.

«Барлығы тегін тұрады әрі тамақпен қамтамасыз етілген. Жергілікті жерде медицина қызметкерлері жұмыс істейді, психологтар, аудан әкімдігінің өкілдері және бала құқықтары жөніндегі уәкіл қолдау көрсетеді», – деп хабарлады шаһар әкімдігі.