Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы Данияны ойсырата ұтты
Аталмыш кездесу Канаданың Ванкувер қаласында өткізілді. Екі күн бұрын біздің жастар аталмыш қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктірді. Ережеге сәйкес екі құраманың бірі екі мәрте жеңіске жетсе сол жеңімпаз алдағы әлем чемпионатында топ-дивизионда ойын көрсету мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан жастары бұған дейін В тобында сынға түсті. Топтық кезеңде біздің жастар барлық кездесуінде қарсыластарына есе жіберді. Атап айтқанда, алдымен Финляндиядан 0:5 есебімен жеңілсе, одан кейін АҚШ-тан 2:8 есебімен ұтылып қалды. Жастарымыз үшінші кездесуде Словакиядан 2:11 есебімен ойсырай жеңілсе, соңғы ойында Швецияға 1:4 есебімен жол берді.
Дания жастары да барлық ойында жеңілістің ащы дәмін татты. Олар алдымен Канададан 0:14, Ресей, Швейцария, Чехиядан 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша А тобында соңғы орынды місе тұтты. Дания құрамасы былтыр да топ-дивизионның жұбаныш кезеңінде ойнады. Ол жолы Беларусь жастарын 5:4, 3:2 (буллиттен) есебімен жеңді. Осылайша топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды.
Бұл кездесу біздің жастар үшін сәтті басталды. Олар ойын басынан шабуыл тізгінін қолға алуға тырысты. Алғашқы шайба небәрі 35-секундта соғылды. Оны Саян Данияр орындады. Ал 4-минутта Қазақстан екі шайба айырмасымен алға шықты. Ол Давыд Макуцкийдің еншісіне жазылды. Екінші кезеңде қос құраманың да есепті өзгертуге мүмкіндігі болған еді. Әсіресе, Дания жастарының белсенділігі айқын аңғарылып тұрды. Дегенмен оларға біздің хоккейшілер лайықты деңгейде тойтарыс бере білді. Кейбір сәтте қақпашымыз Демид Еремеев шеберлігін көрсетті.
Үшінші кезеңде даниялықтар алға ұмтылды. Дегенмен оларға қарсы қорғаныста біздің жастар сауатты ойын көрсете білді. Соңғы минуттарда Дания құрамасы қақпашысыз ойнауға, яғни оны алтыншы хоккейшіге алмастыруға мәжбүр болды. Осыны пайдаланған біздің жастар олардың қақпасына екі шайба соғып кетті. Алдымен 59-минутта Артур Гатиятов осылайша екі шайба соқты. Есеп 4:0. Қазақстан жастары жеңіске жетті. Қарсыласын қатарынан екі мәрте тізе бүктірген құрамамыз енді үшінші ойын өткізбейтін болды. Алдағы әлем чемпионатында олар топ-дивизионда ойын көрсетеді. Жарыс ережесі бойынша екі мәрте жеңіске жеткен құрама үздіктер қатарындағы өз орнын сақтап қалады.
Әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасы сапында қақпада Еремеев Демид, Каратаев Денис, Нурек Владислав, қорғаныста Данияр Самат, Орехов Валерий, Шинкарецкий Евгений, Мұсабаев Ернар, Хрипков Ярослав, Королев Артем, Мұратов Давид, шабуылда Данияр Саян, Гатиятов Артур, Макуцкий Давыд, Верещагин Иван, Жорабек Айдос, Мұратов Батырлан, Бойко Олег, Гусейнов Диас, Мусоров Максим, Буяльский Андрей, Дёмин Руслан, Митенков Дмитрий, Третьяковский Данил қорғады. Олар «Снежные барсы», «Алтай-Торпедо», «Теміртау» және «Алтай» командаларында ойнайды.
Еліміздің 20 жасқа дейінгі жастар құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Ширек ғасырдан бері біздің хоккейшілер әртүрлі дивизионда бақ сынады. Біздің хоккейшілер топ-дивизионда 1998-2011, 2008-2009 жылдар аралығында сынға түскен. Былтыр Францияда өткен бірінші дивизионның А тобында көш бастап, үздіктер қатарына сегіз жылдан астам уақыттан кейін қайта оралды. Франция жерінде овертаймда Германияны 3:2, буллиттен Латвияны 3:2, Венгрияны 5:3, Австрияны 3:2 және Франияны 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетерлігі, бүгін жартылай финал ойындары да өтеді. Онда Ресей мен АҚШ, Финляндия мен Швейцария жастары кездеседі. 2019 жылдың 2 қаңтарында өткен ширек финалда Ресей Словакиядан 8:3, АҚШ Чехиядан 3:1, Финляндия Канададан 2:1, Швейцария Швециядан 2:0 есебімен басым түсті.
Дереккөз: http://egemen.kz/