Хиуаз Доспанованың 2005 жылғы сұхбаты: «Фашистер біздің қыздардан өлердей қорқушы еді»

0

Қазақстанның Халық Қаһарманы, ұшқыш Хиуаз ДОСПАНОВА: «Фашистер біздің қыздардан өлердей қорқушы еді»

Ерді өлтіретін де намыс, мақсатқа жеткізетін де намыс

-Хиуаз апа, әңгімемізді сіздің соғысқа дейінгі өміріңізге шолу жасаудан бастасақ.

-Не үшін?

-Бүгінгі ұрпақ білу үшін.

-Соғыстан соңғы, қазіргі жағдай жайлы ше?

-Ол туралы кейінірек.

-Менің әкем Хайыр Доспанов Астрахань қаласындағы орыс капиталистерінің балық кәсіпшіліктерінде жұмыс істеген, революциялық идеялармен ерте танысқан, соның арқасында теңдікті аңсаған большевиктер партиясына кіріп, өңірдегі кеңес өкіметін орнату ісіне белсене араласқан адам болатын. «Байға жалдану дегенді білмейтін заманда туған сендер бақыттысыңдар, сол бақытты бағалай біліңдер, бай балаларынша бос сенделмей, еңбекқор болып өсіңдер» деп тәрбиеледі бізді. Ол кісі партия қызметінде болғандықтан мен Атырау облысының Теңіз ауданында тусам да Қазақстанның біраз өлкесінің дәм-тұзын таттым. Қысы қаһарлы Ақтөбені, жанға жайлы Шымкентті, қайықпен серуен құратын Сырдариясы бар Қызылорданы, сол кездегі астанамыз Алматыны көрдім. Кеген ауданында тұрғанымызда мектепті тезірек бітіруге асықтым ба қайдам, алтыншы, жетінші сыныптарды экстернмен, бір жылда бітіргім келді. Мұғалімдер көп айтыстан соң рұқсат берді. Мен сөйтіп жетіжылдық мектепті алты жылда барлық пәннен «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шықтым.

Сол жылы біз ауысып келген Арал қаласында орыс мектебін алтын медальмен бітірдім. Бірақ алтын деген қайда ол кезде! Қолыма «Кеңес Одағындағы кез-келген жоғары оқу орнына емтихан тапсырмай түсуіне хақысы бар» деген жазуы бар аттестат берді. Бірақ Мәскеудегі Жуковский атындағы Әскери Әуе академиясы қабылдамады. Мен содан соң осы қаладағы 1-медицина институтына барып, оқуға түстім. Келер жылы жазда соғыс басталды.

-Неге әскери академияға бардыңыз?

-Ұмытып отырмын, 9-сыныпта оқып жүргенімеде ме екен, жоқ әлде 10-сыныпта жүргенде ме екен, біздің қалада аэроклуб ашылды. Мен мектептегі комсомол комитетінің хатшысымын. Қалалық комсомол комитетінің хатшысы шақырып алып, аэроклубқа жастарды тарту керектігін айтты. Ертесіне мектепке комсомол комитеті мен аэроклубтың өкілдері келді. Комсомолдарды шақырып жиналыс өткіздік. Мен жиналыстың мән-жайын айтып, мәнісін ашып сөз сөйледім. «Елімізге ұшқыш әскери кадрлар керек. Мына кісілер сол үшін келіп отыр. Жазылуымыз керек. Әсіресе, ер балалар, сендер жазылуларың керек. Ертең әскерге барасыңдар ғой, сондықтан әзірден дайындала берген дұрыс» дедім.

Орныма отырдым. Зал тып-тыныш шыбынның ызыңы естіледі. Орнымнан тұрып тағы жаңағы сөздерімді қайталадым. Отанға жәрдем беруіміз керек деп жатырмын. Тағы да тыныштық. Мына жағдай менің намысыма қатты тиді. Комсомолдар әрқашан алдыңғы сапта болу керек деп өскен жоқ па едік біз? Ендеше мынау не? «Олай болса мен өзім бірінші болып жазыламын» дедім. Мен жазылған соң сыбыр-сыбыр басталды. Сонымен қыздан мен жалғыз, ұлдардан есімде жоқ. Он бес, он бес пе, жиырма ма бала жазылды.

-Біз кітаптардан соғыс алдында «Челюскин» мұзжарғыш кемесіндегілерді құтқарған Ляпидевский, Каманин бастаған ұшқыштардың, Кеңес Одағының тұңғыш Батырларының, Раскова, Гризобудова секілді ұшқыш қыздардың атақ-даңқы жер жарып тұрды, солардай болғысы келген жастар арасында ұшқыш болуға деген құлшыныс, талап, әуестік күшті еді деп оқып-өстік қой. Ол аэроклубқа ешкімнің жазылғысы келмегені қалай?

-Оны енді мен қайдан білемін. Әркім өз мамандығын, өз тағдырын өзі таңдайды ғой. Әрине, мен де ұшқыш боламын деген шешімге кездейсоқ келген жоқпын, ол менің бұрыннан іштей дайындалып жүрген, тіпті ата-анаммен де ақылдасып қабылдаған шешімім болатын. Мен әкем мен шешем қарсы болар деп қорыққан едім, сондықтан өз ойымды қалайда қорғап шығуға бекінген болатынмын. Бірақ олар қарсы болмады. Мектепті бітіргенде аэроклубты да бірге бітірдік. Ол кезде Орал қаласы Чкалов әскери округіне қарайтын. Бізден емтихан алуға округтен комиссия келіп, алдымен теориялық білімімізді, кейін практикалық ұшуды қаншалық меңгергенімізді сынады. Емтиханнан соң басқалармен қоса мені де облыстық әскери комиссар шақырып алып, маған «запастағы әскери ұшқыш» деген атақ берді.

Соғыс басталған соң біз Мәскеудегі метрополитеннің кезекті желісін салу жұмысында қалдық. Соғыс жағдайында бұл құрылыстың маңызы өте зор екенін бәріміз де жақсы түсіндік. Күзде оқу басталған соң қайта-қайта майданға сұрандым. Мен енді дайын ұшқыш емеспін бе? Ақырында қалалық комсомол комитетінің хатшы қызы: «Сенің жолың болатын түрі бар. Бүкілодақтық комсомолдың Орталық комитеті мен Қорғаныс министрлігі бірлесіп ұшқыш қыздардың дербес полкын жасақтап жатыр. Полктің ұшқыштарын атақты Марина Раскованың өзі іріктеп жатыр. Сен сол полкке бар» деді. Бала кезден бір көруді армандаған Раскованың полкына қалай жазыламын? Бізбен бірге метрополитен жұмысына комсомолдың Орталық комитетінің өкілі Мигунова да барып жүретін. Мен енді көмек сұрап сол Мигуноваға жолықтым. Мигунованың көмегімен анкеталарымды толтырып, комиссияға қашан келетін күнімді біліп, қуана-қуана институтқа қайттым.

Комиссияда маған Марина Раскова: «Әкең мен шешең сенің соғысқа барамын дегеніңе не дейді, олардан рұқсат сұрадың ба?» деді. Мен Расковаға: «Мен комсомолкамын! Өз сөзіме, өз ісіме өзім жауап бере аламын!» деп жауап қайтардым. Сөйтіп мен штурман болып қабылдандым. Үйретушім Раскованың өзі болып шықты. Ол кісінің өзі де штурман болатын.

-Апай, штурман дегеннің не екенін оқырмандарға айта кетсеңіз.

-Штурман дегеніміз экипаждың командирі. Ұшақтың бағытын белгілейтін де, нысанына тауып, жауға бомба тастайтын да, қайтар жолды белгілейтін де, қысқасы, бәріне жауап беретін штурман. Оның үстіне жау ұшақтары шабуыл жасай қалса пулеметтен оқ атып қорғану да штурманның міндеті. Ең ақыры, қажет бола қалған жағдайда штурман ұшақты басқаруды өз қолына алу үшін оның кабинасында штурвал да болады.

Сонымен, 1942 жылдың көктемінде емтихан тапсырдық. Барлық штурмандар да сынақты жақсы тапсырып шықты, сержант деген атақ алдық. Үстімізге жаңа әскери форма, пистолет пен планшет, сызғыш пен карта берді. Осылайша, 1942 жылы мамыр айында әлем тарихында тұңғыш рет әйелдерден түнгі жеңіл бомбардировщиктер полкы құрылды. Тек біздің, түнгі бомбалаушылар полкының командирі болып Марина Раскова емес, Евдокия Давыдовна Бершанская тағайындалған екен.

Майданға баратын күн де туды. Түнде алдын-ала барланған нысандарды бомбалауға ұшып шықтық. Жерден оқ атылып жатады. «Пионер алауы» дегенді білетін бе едіңдер, міне төменде тек осындай алау оттар көрінеді, басқа ешнәрсе көрінбейді. Штурман картасы деген болады, соған қарап ұшасың. Жерден атылған оқ жан-жағыңнан от болып қоршап жатады. Біз солардың арасынан ұшып жүріп жаудың нысандарын бомбалауға барып жүрдік. Әсіресе бірінші жауынгерлік тапсырманы орындауға барғанымызда төңірегімізді түгел от-жалынға ораған жау зеңбіректері атып түсіреді-ау деген ой болған жоқ. Қорқыныш та болған жоқ. Бар ойымыз нысананы дәл тауып бомбылау болды, тапсырманы орындай алмай қалып, ұятты боламыз ба деген уайым ғана мазалады бізді.

Мен 300 боевой вылет жасадым. Майданның арғы бетіндегі жаудың әскери қоймаларын барып бомбалап қайтамыз.

-Сіздер Берлинді бомбалай алдыңыздар ма?

-Жоқ, біз жақын араны бомбаладық. Училищені бізден кейін бітіріп шыққан қыздардан алысқа ұшатын бомбардировщиктер полкы құрылыпты.

-Тек түнде ғана ұштыңыздар?

-Иә, тек түнде ғана ұшып жүрдік.

-Апай, тұңғыш рет өзіңізді әскери адам деп қай жағдайда ұғындыңыз?

-Менің өзімді әскери адам деп алғашқы рет сезінуім соғысқа дейін болды. Училищеде оқып жүргенімізде полк қыздарының шашын қидырады екен деген сөз тарады. «Марина Михайловнаға барып айтайық, ол кісі білмейтін болар, ұшуға ұзын шаштың қандай кедергісі бар» деген қыздар көп болды. Біз барамыз деп жүргенде бәрімізді сапқа тұрғызды да шаштаразға алып барды. Бұйрықтың аты бұйрық қой, оны Раскова ойлап шығармаған болуы керек, сондықтан ол кісі де бізге араша түсе алмайды екен-ау деп ойлаймын осы күні. Әрине, реңімізді ашып тұрған, аш белімізге түсетін бұрымымыздан айырылғанымызға бәріміз ренжідік. Ал, қуанған тек шаштаразы ғана болды – бір күннің ішінде ол қаншама париктік шашты тегін алды десеңізші! Мен осы күндерді әп-әдемі бұрымдарын өздері еркімен кесіп тастайтын қыздарды көргенімде өзіміздің шашымыздан қалай айырылғанымыз есімізге түседі, қыздарымызға қарным ашады…

Қорықпайтын жағдай кездеспейтін соғыс болушы ма еді?

-Немістердің ұшақтарды атып түсіргендері болды ғой?

-Әрине, жан-жағыңнан қаумалаған от. Тек төбеңде жымыңдаған жұлдызды аспан көрінеді, ал, айналаң тозақтың оты.

-Қорыққан кездеріңіз болды ма?

-Әрине, от пен оқтың арасында жүру оңай ма. Біз бәрінен де прожектордан қорқатынбыз. Прожектормен бір ұстап алса, зениткалар тура атып түсіреді. Бір рет бізді солай ұстап алды. Ұшқышқа «сделай отвесное пикирование в землю» дедім, қалай еді дұрыс атауы, осылай ма еді, ұмыта бастаппын ғой. Ұшқышқа жерге қарай тіп-тік төмен ұш дедім, жаудың қолына түскенше жерге ұрылып күл-талқан болайық, мотордың бар қуатын қос, аяма дедім. Бұл тәсіліміз нәтиже берді, біз прожектордың сәулесінен сытылып шығып кеттік те үйге қарай қайқайдық…

Ондай жағдайлар талай рет болды. Ал, ең қатты қорыққанымды айтар болсам…

Біз «термичка» деп аталатын өрт шығаратын термиттік кішкентай бомбаларды алып ұшатынбыз. Нысаналарды ауыр бомбалармен атқылап болғаннан кейін термичкаларды қолымызбен борттан лақтырып, жаңағы нысандарды өртейміз. Бір ретте ең соңғы термичкам қолымнан түсіп кетіп, орындығымның астына қарай домалап кетті. Сипалап іздеймін, таппаймын. Жарылса – құрыдық! Бірақ термичка жарылмады. Ұшқышым Полина «неғып листовкаларды лақтырмай жатырсың?» дейді трубкадан. Мен бомба туралы тіс жармадым да, «қазір» деп дұшпан орналасқан аймаққа лақтырып жүрген листовкаларымды боратып лақтыра бастадым. Артқа қайтып келеміз, бомба қолыма ілінетін емес. Ұшақ қонарда солқ ете қалуы мүмкін, әлгі бомба сол кезде жарылып кетуі ғажап емес. Полинаға «барынша жеңіл қондыра гөр!» дедім. Ол менен «немене, жараланып қалдың ба?» деп сұрап жатыр. «Жоқ, бірақ жеңіл қондыратын бол» деймін. Полина да қас шебердің өзі ғой, қалай жерге қонғанымызды білмей де қалдым. Түсе салып әлгі қырсық шалған бомбаны тағы іздеуге кірістім. Полина не болып қалды деп аң-таң. Тауып алған соң барып айттым. Бәрі басын шайқап жатыр. Сол күні екінші рет ұшқанымызда жаңағы термичканы бірінші болып тастадым, нысанды бомбылауға содан соң барып кірістік. Қайтарда өлеңдетіп қайттық. Тіпті рульді Полинадан өзім алып алдым.

-Екі рет ауыр жараланыпсыз, сол туралы айтып бересіз бе?

-Оның айтатын несі бар, жарақат алдық қой… Айтуға онша құлықты болмай отырғаным, екі рет ауыр жарақат алғанда да бізді жау зениткасы атып түсірген жоқ. Бірінші жарақатты ұшуға көтеріліп бара жатқанда ориентир мая шөпке соғысып, ұшағымыз жерге құлаған сәтте мен ауыр жараланып, ұшқыш Полина Белкина жеңіл жарақат алды. Бағымызға қарай бомбалар жарылмай қалды…

Екінші ауыр жарақатты аэродромға қона бергенімізде өз полкымыздың басқа бір экипажымен соғысып құлағаннан кейін алдым. Екі экипаждағы төрт адамнан мен ғана тірі қалдым. Онда да менің ұшу кезіндегі белдігімді орындыққа бекітіп қоймайтын әдетім аман қалуыма себепкер болыпты. Жерге ұрылған кездегі күш мені кабинадан лақтырып жіберген ғой. Екі санымның бірдей сүйектері сынды. Аяқтарым түзу бітпей, қайтадан сындырып салды.

Белдікті бекітпейтінім бұл жолы ажалдан алып қалса, тағы бір жолы өліміме себепші бола жаздады. Қырымды азат ету кезінде парашютпен секіргенде теңіздің үстіне түсе қалған жағдайда деп бізге суға батырмайтын арнайы күртешелер берді. Біз оны комбинезонның сыртынан киеміз. Бір жолы абайламай түймесіне қолым тиіп кетсе керек, куртешем ауаға толып шыға келді. Белдігімді болса да бекітпегенмін. Ауа толқыны мені алып кете жаздады, аэродромға әрең дегенде жеттім. Міне, соғыста осындай адам ойына келмейтін жағдайлар көп болды… Мен екінші рет ауыр жараланғаннан кейін екі рет жаралы күйімде барып қайттым. Мені ұшақтың кабинасына көтеріп мінгізіп, көтеріп түсіріп алатын. Жараланғаным себепті. Әр бір тапсырмадан оралған соң командирге болған оқиғаны баян етуіміз керек. Мен соған өз аяғыммен жүріп бара алмадым. Мен қазір 1-топтағы соғыс мүгедегімін. Полк командирінің өзі ұшақтың қанатының қасына келіп, менің тапсырманы қалай орындап қайтқанымыз жайлы баяндауымды сол жерде тұрып тыңдап, қабыл алып кетті. Бұдан кейін аяқтағы жарам ауыратын болғандықтан тапсырма алатын түні ұшағыма ертерек келіп мініп алатынмын. Тапсырма кешігіп берілсе соның ішінде қонатынмын.

Содан бір күні Бершанская айтты:

«Будет вынужденная посадка, собьют вас, как ты уйдешь? Немістердің қолына тұтқынға түсесің бе? – деді. –Сен тіпті қолға түспес үшін өзіңді-өзің атып та өлтіре алмайсың ғой. Біз сені сондықтан штабтың байланыс командирі етіп ауыстырамыз».

Армия командашысының тапсырмасымен бірнеше рет Мәскеуге ұшып келдім. Соғысты полк штабының командирі дәрежесінде Берлинде бітірдім.

-Сіздердің полк совершенно секретный полк болды ғой?

-Иә, совершенно секретный полк болды.

-Сол кезден есте қалған ерекше бір қиыншылықты атай аласыз ба?

-Ой, ол соғыстың бәрі ерекше қиыншылық еді ғой. Айттым ғой, төбеңде жымыңдаған жұлдызды аспан, ал, сен қай секундта атып түсіреді деп жан-жағыңнан жарқылдаған оттардың ортасында келе жатасың. Соғыстың не зат екенін сол жерде түсінесің… Бір қиналған жерім есіме түсті. Қиналғанда жаным қиналды. Қазір түсінесің.

Юля Пашкова екеуміз Славянская станциясындағы жау бөлімін бомбылауға тапсырма алдық. Жақындаған кезде трубкадан Юляның жылап отырғанын естідім. «Не болды?» десем, «менің ата-анам осы станцияда тұрады, ал, біз қазір оны бомбылаймыз» дейді. «Ойбай-ау, оны неге ертерек айтпадың, басқа тапсырма алар едік қой!» деп жатырмын. Тапсырманы орындамауға болмайды… Мен Юлядан үйі қай жерде екенін жақсылап сұрап алдым, оған дейін біз станицаның үстінде шыр айналып жүрдік. Сосын шамам жеткенінше керекті нысандарды ғана бомбылауға тырыстым. Кейін бұл станицаға арнайы барып қайттым, Юляның үйі бұзылмапты, әке-шешесі де аман-есен екен. Тек бұл кезде Юляның өзі жоқ еді… Біздің басқа бір өз ұшағымызбен соқтығысқанымыз осы сапардан қайтқанда болып еді. Немістер біздің қыздардан өлердей қорқатын. Олар біздің бір ұшақты атып түсірген адамына өздерінің ең жоғары наградасы – «Темір крест» орденін береді екен.

Мен қайда жүрсем де бірінші болдым

-Енді бір-екі ауыз бейбіт өмірдегі қызметіңіз жайлы, апай.

-Соғыстан келген соң Оралда азаматтық қызметте істедім. Облыстық партия комитетінде әскери бөлімнің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары болдым. Содан кейін Алматыға партия мектебіне оқуға келген жерімнен сол кездегі Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов мені Оралға жібермей, партияның орталық комитетіне жұмысқа алып қалды. Қалалық партия комитетінде нұсқаушы, хатшы, орталық комитетте бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының хатшысы болдым. Алматы қалалық партия комитетінің 2-ші, 1-ші хатшысы болдым, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің 2-ші, 1-ші хатшысы болдым. Әйтеуір көп жұмыс атқардым. Міне, қазір соғыс және еңбек ардагерімін. Қазақтың бірінші ұшқыш қызы менмін. Шоқан Уәлихановтың атағын мен шығардым. Қалай шығардыңыз дейсің бе? Наталья Ильинична Сац біздің ТЮЗ-дің режиссері, директоры болды. Сонда С.Мұқанов Шоқан Уалиханов жайлы пьеса жазып, ол пьеса ТЮЗ-да қойылды. Оның қойылуына мен көмек бердім.

-Соғыстан келген соң менің дәрігер болғым келеді деп оқуыңызды жалғастыруға деген ниетіңіз болмады ма?

-Оқысам деген ниетім болды. Бірақ соғыстан кейін елдегі жағдай қиын еді. Тылдағылар Отан қорғау үшін бар күш-жігерін аяған жоқ қой. Мен әке-шешеме медеу болайын дедім, іні-сіңлілерімнің аяғынан тұруына жәрдем берейін дедім.

Оның үстіне Оралдағы обкомдағылар да «бізге кадрлар, мамандар керек» деп, жата-жабысып айрылмай қалды ғой.

-Апа, Сіз жас кезіңізде Мәншүк Мәметовамен көрші тұрдыңыздар ма?

-Менің әкем де, шешем де коммунист адамдар болды. Әкем Сергей Миронович Кировпен бірге, соның қол астында жұмыс істеді. Кеңес өкіметін құру үшін соғысқан қарт большевик адам…

-…Мәншүкпен бірге өстіңіз бе, апа?

-Иә, иә, соны айтайын деп келе жатырмын ғой. Мәншүк Мәметованың әке-шешелері мен біздің әке-шешелеріміз үнемі бірге болды, бірге совет өкіметін құру үшін күресті. Әке-шешелеріміз дос еді, отбасымыз жақсы араласушы еді. Кішкентай кезімізде Мәншүк бәріміз бірге қуыршақ ойнап өстік. Мені Мәскеуге мединститутқа оқуға түсті деп естіген соң, Мәншүк мединститутқа оқуға түсіпті. Мен армияға кетіп қалды деп естіген соң, армияға аттаныпты. Екеуміз жасымызда бірге өстік, подругалар едік.

-Сіздің полктан көптеген Батыр шықты ғой. Сізді ұсынған жоқ па?

-Ол жағын мен білмедім. Ондай мәселені шешетін полк командирі ғой. Ұсынды ма, ұсынбады ма, қайдам. Әрине, маған берулеріне болар еді. Беруге тиіс еді… Бәріміз бірге ұшып, бірдей соғысып жүрдік қой. Жалпы, қайда жүрсем де мен бірінші болып жүрдім. Жұмекең Шаяхметовтің, Димаш Ахметович Қонаевтың командасында жұмыс істеген, Қазақстан орталық партия комитетінің бірінші және соңғы бюро мүшесі болған қазақ қызы жалғыз менмін. Мен! Маған дейін де, менен кейін де ешбір қазақ қызы бюро мүшесі болған жоқ.

-Апа, еліміздің қазіргі хал-ахуалына, басшыларға көңіліңіз тола ма?

-Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші рет Президент болып сайлауына зейнеткер болып үйде отырсам да осы жігіт Президент болсын деп шама ның келгенінше өз үлесімді қосқанмын.

Мен Алматы қаласы партия комитетінің бірінші хатшысы, республикалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенімде Медеудің үлкен мұз айдынына айналуына септігімді тигіздім. Медеуге баратын жолда ол кезде үйдей-үйдей тастар жататын, асфальт жол деген жоқ еді. Үйдей тастар жатқан жерде қайдан жол болсын. Біз Медеуге қарай атпен баратынбыз. Мен аттың үстінде жақсы отырушы едім. Өйткені ауылда, әжемнің қолында өстім. Ол кісіні апа дейтінмін, шешемді мама дейтінмін. Таудың ішін атпен аралап көргенбіз. Медеу – Шара Жандарбекованың әкесінің он-он бес қонысының біреуі еді. Осы Медеуді таңдаған адам мен болатынмын.

-Қазіргі қалалық басшылық хал-жағдайыңызды біліп тұра ма, қамқорлық жасап тұра ма?

-Астана Алматыдан Ақмолаға көшпей тұрғанда қалалық әкімшіліктен келетіндер көбірек болушы еді. Қазір бұрынғыдай емес… Рас, Халық Қаһарманы атағын алғалы қайтадан келетіндер көбейе бастады.

Мен үйден шыға алмаймын. Бір жыл ішінде үйден 3–ақ рет далаға шықтым. Біреуінде Иманғали Тасмағамбетов мына Халық Қаһарманы жұлдызын таққанда қалалық әкімшілікке бардым. Жүруге аяғым жарамайды, аттап басу мен үшін үлкен күш. Көмектеспесе жүре алмаймын. Баяғыда ұшаққа көтеріп мінгізіп, көтеріп түсірмесе өзім міне алмайтындаймын. Мен үшін ас үйге барып бір жапырақ нан жеп, бір шыны шай ішу – ең үлкен жұмыс. Қартайған соң қолыңнан түк келмейтін болады екен. Қартаймау керек екен! Қартаю деген біттің деген сөз екен!

-Далаға шығуға жарамайтыныңызды ескеріп, қаланың «Самал» мөлтекауданынан балконы бар, таза ауамен дем алып тұра алатындай жаңа пәтер береміз демей ме қала басшылығы?

-Ол жөнінде әлі сөйлескен жоқпын. Үй керек пе, жоқ мына үйіңізді жөндеп берейік пе деп сұрап жатыр. Бақытты болсын. Ол жөнінде әлі сөйлескен жоқпын. Сөйлесуге де шамам жоқ. Сөйлесудің өзі ауыр маған. Сен кеткен соң шаршап, бір күн қимылдамай жатып демаламын.

Әкімшіліктер тағы да хабарласатын шығар өздері…

Қаһарман ананың өмірлік жары Шаһмардан Әміров ақсақалдың сөзі:

-Мен 1946 жылы танысуға келіп едім. Мен танысамын деп келсем бұл жақтағылар күйеу бала келе жатыр деп отыр екен. Содан міне, 57-жылдан бері сол елге күйеу бала болып келе жатырмын ғой… Ұлымыз Ерболат Әміров 1951-жылғы, Америкада, әйелі іссапарда жүр, Ерболат соның артынан барып келуге уақытша қыдырып кетті. Осы жақында келеді. Келініміз Көкшетаудың қызы, әкесі қазақ, шешесі неміс. Өзі төрт тілді біледі. Мұғалім еді. Заманға сай шет тілдерін білетінінің арқасында кәсіпкерлікке ауысқан жайы бар. Бір қыз, бір ұл немереміз бар. Екеуі де Америкада, қыз 12-сыныпта, ұл 6-сыныпта оқып жүр.

-Олар сол жақта қалып қоя ма, келе ме?

-Келу керек. Қалуына мен қарсымын. Балам жақында келеді. Келінім маусымда келеді деп күтіп отырмыз.

P.S. Газет баспаға дайындалып жатқан кезде мұхиттың аржағынан баласы оралып, үлкен кісілердің мәре-сәре болып қуанып жатқанын естідік.

Сұхбаттасқан, Өмірзақ АҚЖІГІТ, «ЕВРАЗИЯ-KZ», 13.05.2005