«Хиджаб – қыздарды сексуализациялау»: Діни киімге қарсы петиция авторы қыздардың орамал жамылуына не үшін қарсы екенін айтты
Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептегі хиджаб тақырыбы қайта қызу талқыланып жатыр. Бәрі тамыз айында жарияланған петициядан басталды. Онда автор мектеп қабырғасында кез келген діни киімге заңнамалық деңгейде тыйым салуды ұсынған. Негізгі петицияға қосымша ретінде ол оқушы қыздардың белдемшесін ұзарту керек екенін айтып, жұрттың наразылығын тудырды. Сонымен петиция не туралы? Қысқа белдемше кию туралы ма әлде хиджабқа қарсы шығу ма? Kznews.kz тілшісі тақырыпты тарқату үшін мән-жайды петиция авторынан сұрады.
Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан петицияның маңызын түсіндіріп өтті. Ол мектептердегі діни киімге қатысты тыйымды тікелей «Білім туралы» заңның мәтініне енгізгісі келеді.
«Мұндай пікір білдірудегі жөнсіздік пен хаосты көре тұра, мен мектептердегі діни киімге қатысты тыйымды тікелей «білім туралы» заңның мәтініне енгізуді ұсынуды шештім. Бұл тыйымның заңдылығына қатысты еш дау туындамайды әрі кейбір ата-аналар өз балаларын мектеп пен зайырлы билікке қысым жасау құралы ретінде қолданбайды. Себебі оларда бұған ешқандай заңды негіз болмайды», – деді Әл-Фараби Болатжан.
Оның айтуынша, еліміз зайырлы екені бәріне мәлім. Бұл қағида мемлекеттік білім беру мекемелеріне да қатысты екен.
«Сәйкесінше, елімізде мектеп формасына қатысты Білім және ғылым министрінің (министрліктің сол жылғы атауы – ред) 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы бар, ол құжатта мектепте діни киім киюге тыйым салынғаны белгіленіп кеткен. Кейбір ата-аналар жыл сайын өз балаларын мектепке діни киімде қасақана жіберіп, мектеп әкімшіліктерімен соттасады. Ата-аналарды арнайы заңгерлер айдап салады. Олардың әрекеті – асылында мемлекеттегі діни жағдайды тұрақсындандыру», – деді дінтанушы.
Деструктивті діни ағымдардың озбырлығы мектептерімізге кері әсерін тигізіп жатыр дейді Әл-Фараби Болатжан.
«Осы сілтемеден өтіп, петицияға ЭЦҚ арқылы epetition.kz сайтына кіріп қол қоюға болады. Келесі кезеңде 6 айда 50 000 қол жинау керек болады. Негізгі мәлімдемеге қосымша ретінде келесіні қоса кетсек. Жоғарыда айтылған ақпараттық манипуляция мен бәлеқорлықтардың қатарында билік азаматтардың тәуір киінгенінен гөрі шешінгенін қалайды-мыс деген сөздер де бар. Бұрмалаулардың алдын алу мақсатында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға жоғары сынып оқушыларының киімінің кейбір аспектілерін нақтылайтын толықтырулар енгізу ұсынылады», – деді Әл-Фараби Болатжан.
Сонымен қатар ол ата-аналар қыздарын хиджаб кигізу арқылы отбасылық өмірге дайындап жатқанын айтты.
«Кәмілетке толмаған қыздарға хиджаб кигізу – балаларды сексуализациялау. Неге десеңіз? Себебі хиджаб кию (арабша «хәйт») әр етеккірі басталған қызға міндетті дейді. Мұндай қыздар тұрмыс құруға дайын қыз деп есептеледі. Сондықтан Йемен, Қатар және Ирак секілді мемлекеттерде қыздарды 9 жастан бастап тұрмысқа беру қалыпқа айналған. Ата-аналар қыздарын бүркеп, болашанына балта шаба ма деп қорқамын», – деді дінтанушы.