ХАТ ЖАЗЫП ТҰРСАҢ, ҚАЙТЕДІ?.. | «Айқын» газеті
Оқушы кезімде Алматыда оқитын аға-әпкеме хат жазатынмын. Ойымды жинақтап, қатесіз жазуға тырысам. Көзбе-көз айта алмайтын көп дүние қос параққа толып кетеді. Басы міндетті түрде сәлем беріп, хал сұрасудан басталады. Артынша үйдегілердің жағдайы, ауылдағы жаңалықтарға ұласады. Орта тұсына келгенде сабағымды жақсы оқып жүргенімді, сол үшін олардан кішігірім сыйлық күтетінімді де тілге тиек етуді ұмытпаймын. Қорытындысына олардан жауап күтетінімді, суретін қоса жіберсе қатып кететінін қосам. Қарап отырсам, жүйелі, жүрекке жылы тиетін жазба. Сәлеміңді алған жауап келгенде бүктеулі қағазды ашқанша тағат таусылады. Бар даусыңмен естіртіп, хатты оқып бересің. Олар да тыңғылықты, жауапкершілікпен жауап жазыпты. Сол кездегі хат жазу әдебі һәм мәдениетіне таңғаласың. Келмеске кеткен әдет десек артық болар, бірақ ұмытылудың аз-ақ алдында қалған дәстүрдің жанданғаны жақсы екен. Мұны мамандар нақты дәлелдермен келтіріп отыр. Түрлі дертке дауа болатын хат жазу мәдениеті жайлы жазғанды жөн көрдік.
Сезімді сөзбен білдіру арқылы жай-күйіңіздің жақсаратынын білесіз бе? Білуіңіз керек. Өйткені осы әдісті талай мәрте қолданып көргеніңіз анық. Әлемде күн сайын жүргізілетін сан зерттеудің бірінде осы тәсіл талқыға салынған екен. Нәтижесінде, хаттың ми мен денеге жағымды әсері бары белгілі болған. Жазу арқылы жақсы психологиялық өзгерістерге қол жеткізе аласыз. Айталық, көңіл күйді көтеріп, күйзеліс деңгейін төмендетіп, күйзелістің кей белгілерін жоятын күшке ие. Физикалық өзгерістерін санамалайтын болсақ, қан қысымын төмендетіп, өкпе мен бауыр жұмысын жақсартады. Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің психологтары зерттеу жүргізген. Соның қорытындысына сәйкес, адам ойы мен сезімін жазбаша немесе ауызша жеткізу арқылы мидың эмоционал орталығының белсенділігін азайтатыны белгілі болды. Яғни ашу болмаса, өкпе-реніш деңгейі төмендейді.
Осыған ұқсас тағы бір зерттеу жайлы айтайық. Эмоцияны хат арқылы білдіру адамдарға жағымды психологиялық және физикалық әсер сыйлайды. Яғни, иммундық жүйенің қызметін жақсартады. Көптеген тестілеу нәтижесінде хат физикалық денсаулық пен психологиялық саулық көрсеткішін көтерген. Мичиган университетінің сарапшылары созылмалы мазасыздығы бар науқастарға тапсырма орындар алдында сезімін хатқа түсіруге кеңес берген. Соның арқасында олар ойдағыдан да жақсы орындап шыққан көрінеді. Ми азырақ белсенді болып, көп ресурстың шығындалуын қажет етпеген екен.
Енді мынадай қызық тәжірибеге назар салыңыз. Жазбаша сезім білдірудің тіпті қайғылы оқиғалардан кейінгі ахуалды реттеуге күші жетеді деседі. Сонымен бірге, физикалық жарақатты да емдеуге қауқарлы. Экспериментке қатысушыларға күнделік жүргізу тапсырылған. Енді бір бөлігі ештеңе жазбаған екен. Алғашқы топ соңғысына қарағанда тезірек емделіп, жағдайы түзелген. Your Brain on Ink кітабында авторлар хат арқылы мидың ойланатын бөлігін қостырып, парасимпатикалық жүйке жүйесін тыныштандырудың әдістерін бөліседі. Ойға келген дүниені қарындаш не қаламмен қағазға түсіру сол ақпараттың жадыңызда жаңғырып тұруы үшін, есте жақсы сақталуы үшін оң әсер етеді екен.
Көп нәрсенің дәмі де, мәні де кете бастаған қоғамда дем беретін дүниелердің болғаны да жақсы. Қолға қалам алып, ойды түртіп алудың еш қиыны жоқ. Өміріңізде тәртіптің орнауына да хаттың пайдасы орасан. Айталық, не істеріңізді білмей, ішіңіз пысып отыр. Кем дегенде ойыңызды хатқа түсіріңізші. Жеңілдеп қаласыз. Одан қалса, әйтеуір бір тындырғаныңыз бар секілді болып көрінеді. Сонымен бірге, бір адамға бетпе-бет айтуға батпаған талай сырды еркін жазуға да болады. Эмоция сақтап, барынша сыпайы қалыпты ұстануға мүмкіндік бар. Яғни, хат дегеніңіз – дертке дауа, қорқынышты сейілтетін ем. Қол жеткізген жетістіктерді тізбелеп, оң өзгерістерді бақылап жүруге таптырмас құрал. Осы ретте бірнеше оқиғаны атап өтейік.
Дебби Хэмптонның бастан кешкені
«Аялап өсірген бауырым СПИД-ке шалдығып қайтыс болды. 18 жыл отасқан жұбайыммен жолымыз екіге бөлінді. Талай рет шалыс бастым. Осылардың бәрінен шаршап, 2007 жылы маусымда өз-өзіме қол жұмсадым. Бір уыс дәріні бір-ақ жұттым.
Бір аптаға жуық уақыт терең ұйқыда, яғни комада жаттым. Әлгі дәрілер миыма теріс әсер берген екен. Сөйтіп, көбірек оқып, өзіңді-өзің талдау тәсілдерімен танысып, тәртіпке бағынғанның арқасында бірте-бірте психикалық және физикалық тұрғыда сауыға бастадым.
Ем алу барысында бастан өткерген оқиғам туралы жаздым. Сонымен бірге, күйзеліс кезінде мазалаған сауалдарды тіздім. Суицид жайлы толғануды да ұмытпадым. Ойымдағыны түгел қағазға түсірдім. Бүкпесіз ақтарылған сырымды оқыған жандардың жағдайыма кіріп, кейде аянышпен қарайтынын байқай бастадым. Ойымды бөлісу арқылы арқадаға ауыр жүктен арыла бастағанымды сездім. Ақыры мемуар жазып, бар қайғыны артқа тастағандай болдым. Бәрін хатқа түсіремін. Осылайша, ауыр жүкті арқаламауды үйрендім».
Коридің оқиғасы
«Хат жазуды әдетке айналдырған жылдар ішінде күнімді дұрыс жоспарлауды үйрендім. Менде клиникалық агорафобия, қатты күйзеліс болған. Жегідей жеген дерт пен бойды дендеген қорқынышымның үдегені сонша, мүгедек болып қалдым. Бірдеңе жетпей тұратындай сезілетін. Ойымда бірнеше романға идея болды. Бірақ қалай жазам, неден бастаймын, білмедім.
Сөйтіп, жүріп кітап жазуға бел будым. Нақты қадамдардан бейхабар болғанымен, бастысы құлшынысым таудай еді. Көйлекшең отырған күйі отырдым да, кірісіп кеттім. Сол кездегі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Атқақтаған қан қысымым қалыпқа келе бастады. Жаңа идеялар ойға оралды. Дереу қағазға түсіріп отырамын. Барлық эмоция мен қорқынышымды хатымда ашық жазамын. Сөйтіп жүріп бір жылда бес роман жазып шықтым.
Ой мен сезімді басқарудың басқа әдістерін үйрене бастадым. Дерттен бірте-бірте айығып келе жатқанымды сездім. Хат жазу осылай, сүйікті ісіме айналды. Құдды физикалық медитация секілді сезілетін. Шығармаларым урбанистік фэнтези, ғылыми-фантастикалық роман жанрында жазылады. Яғни, хат деген мен үшін ұзақ уақыттан бері жабық болып келген әлеммен ашық байланыс орнатудың әдісіне айналды. Мәселеден қашудың қажеті жоқ екен. Бар болғаны, шешуге тырысу қажет. Адамдармен байланысудан қашпай, керісінше, тығыз араласуды үйрендім. Бұл нағыз кереметтің өзі екен».
Эллен не дейді?
«Өмірімнің соңғы 4,5 жылында таңғы газеттерге арнап 1,5 миллион сөз теріппін. Одан қалса, күнделікті 1000 сөз жазу әдетіме айналған. Назарым түскен дүниенің бәрін хатқа түсіріп жүремін. Қарап отырсам, сараптауға, талдауға ерте кезден бері бет бұрған екем. Мұным тіпті хат жазғанда да байқалатын. Осыдан соң өзіме «Бүгін өзімді қалай сезініп тұрмын?» деген сұрақ қоятын болдым. Соның арқасында болған оқиғаны жан-жақты талдауды үйрендім. Қарапайым ғана жаттығу көп қиындықты еңсеруге көмектесті. Ұлыбританиядан Таиландқа қоныс аудардым, қарым-қатынас барысындағы қиындықтар, күнделікті жүйкеге тиетін жағдайлар мен денсаулығымда кінәраттар болды.
Созылмалы аурулар көбейді, Крон дертіне шалдықтым. Соған қарамастан, өз басым қол қусырып отыра бермей, мәселелерді шешуге бел шеше кірісіп кететінмін. Бәрін жеңуге хат көмектесті. Барлық эмоциямды сонда жазамын. Не сезінгенімді толық ұққан соң, олардың қайдан және қалай басталғанын табамын. Содан барып ол сезімді жүк қылмай, жоғалта аламын ба, жоқ әлде біреумен шер тарқасу керек пе, соны зерделеймін. Мәселен, бәрін алдын ала хатқа түсіргендіктен, біреумен тілдесу керек болса қатты қобалжымайтын болдым. Өйткені оған дейін бұл тақырыпты хаттай талдап тастағам. Әдетте, үш айда бір рет шимайларымды қайта бір шолып шығамын. Қайталанған дүниені байқасам, оған мән беру керегін түсініп, реттеуге кірісемін».
Жеңілдегіңіз келсе, жазыңыз!
Не жазғаныңыз, қалай жазғаныңыз маңызды емес. Бәрін жайып салыңыз. Өзіңіз үшін нені дұрыс деп тапсаңыз да, басты-
сы – сол процестің жүргені. Төменде психологтар ұсынатын үш тәсілді ұсынып отырмыз.
«Суретші жолы» кітабының авторы Джули Кэмерон «таңғы жазбалар» жүргізуді ұсынады. Яғни, ойыңыздағыны таңертең хатқа түсіру керек. Қысқаша жазсаңыз да болады. Бұл әдіс жайлы Элленнің бастан кешкен оқиғаларында да атап өттік. Бұл жаттығу әу баста қаламгерлердің шеберлік шыңдауы үшін ойлап табылса керек. Бірақ осыны әдетке айналдырған ешкімге артық болмайтын сыңайлы.
Алғыс күнделігін жүргізіңіз. Мысалы, ұйықтар алдында немесе оянған бетте сізді риза еткен, алғыс білдіруге тұрарлық 4-5 себеп тізіңіз. Алғыс айтудың физикалық және психологиялық әсерінің керемет екені ғылыми түрде дәлелденген. Өміріңізге осылайша, өң берсеңіз болады.
Қолыңызға қос парақ алыңыз. Ойыңызға не келді, бәрін боямасыз, сол күйі жазыңыз. Парақ толғанша жаза беріңіз. Бұл жаттығудың мақсаты — қандай да бір ой пайда болған бетте дереу жазу. Уақыт созбаңыз. Қате кетті деп түзеуге тырыспаңыз. Бар болғаны, жазуыңыз керек. Тіпті «миым қатып кетті, не жазсам екен?» деген сөйлемдер де құрыла берсін. Тек жазуды тоқтатпаңыз».
Тақырыптың тоқетері:
Қоғам дамыған сайын адамдар арасында мәміле жоғалып барады деп дабыл қағылғалы қашан. Көп дүниеге бей-жай қарау, елемеу де белең алып барады. Мұны шешудің бірден-бір әдісі — ойыңды бөлісу, сезіміңді айту, тілдесу. Сөйлесудің қандай формада болғаны да маңызды емес. Бастысы, адам мен адам арасындағы байланыс, ішкі ахуал, көңіл күй мен денсаулыққа жағымды әсер бергені дұрыс. Бұрынғыдай поштаға барып хат салмасаңыз да, тым құрығанда онлайн ой бөлісіңіз. Мұны да хат жазудың жаңа тәсілі деуге не кедергі? Ойды електен өткізіп, көзбе-көз айтуға батпаған жайтты сыпайы, жанды ауыртпайтындай етіп жеткізетін жазбаша әдісті жиі қолданып тұрған да жөн. Хат арқылы хал сұрасуға сіздің ықыласыңыз қалай, оқырман?
Жадыра АҚҚАЙЫР
Дереккөз: Айқын