«Халықтың жыр байлығы – жаңғыру негізі» тақырыбындағы жыр кеші өтті
Жыр кешінің басты мақсаты – Елбасымыз жайлы жазылған авторлық өлеңдерді елге танытумен қатар қазақ ақын-жазушылары, сондай-ақ әлем қаламгерлерінің шығармаларын жастар арасында насихаттау.
Іс-шараға Алматы қаласының 10-нан астам жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысып, жүзден жүйріктер анықталды. Елбасы жайлы өлеңдермен шымылдығын ашқан жыр кеші Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, тағы басқа қаламгерлердің шығармаларынан үзінді оқумен жалғасын тапты.
Қазылар алқасының шешімімен жоғарғы ұпай жинаған, «дауыс мәнері», «сахна шеберлігі» және «әртістік өнері» бойынша жақсы көрсеткіштерге жеткен жастар бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлделерге ие болды.
Қатысушы студенттердің пікірінше, бұл күнгі көрсеткен өнерлері үлкен аудиторияның, қалың көпшіліктің алдына шыққан бірінші тәжірибелері. Іс-шара жастардың үлкен сахнада өздерін еркін ұстап, ерекше жырлар оқуына мүмкіндік берді.
«Жыл сайын өтіп тұратын бұл шараның ауқымы кеңейіп келеді. Ең алғаш, бес жыл бұрын ұйымдастырылған жыр кешіне тек екі жоғарғы оқу орнынан 10 студент қатысқан болса, енді, міне бес жылдан кейін үлкен сахнаға 10-нан аса жоғарғы оқу орнынан 60-тан астам үміткер қатысып отыр. Бұл үлкен жетістік», — деп атап өтті «Рухани жаңғыру -ҚазККА» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақылбек Беделханұлы.
Іс- шараның соңында Елбасының сүйікті әндері шырқалып, мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Мемлекеттік тілді дамыту институтының мамандары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, ҚазККА ардагерлері қатысқан жыр кеші аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы, оған ЖОО студенттері мен Алматы қаласының жастарының қосқан үлесі, ЖОО-да құрылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің жұмыстарымен танысу, тәжірибе алмасу және жастардың бағдарлама жайлы ой-пікірлерін білу, т.б. мәселелер қарастырылып, сарапшылар пікірлері тыңдалды.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ