Домой Жаңалықтар Халықтың орынды талабы орындалуы тиіс

Халықтың орынды талабы орындалуы тиіс

0
233

Жаңаөзендегі ереуілге қатысты әлеуметтік желіде түрлі жазбалар пайда болды. Facebook желісінің қолданушысы Қазыбек Иса да осы тақырып төңірегінде өз ойын айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Жаңаөзенде тағы да ел ереуілге шықты. Себеп — сұйытылған газдың қымбаттауы.

Мұнай мен газдың үстінде отырып газды қымбаттату деген қандай ұғымға сияды?

Әлде бұл тағы да, қарапайым халықтың шыдамын сынау ма?!

Бұндай келеңсіздікке ҚР Президенті Қ.Тоқаев бірден  назар аударып, Үкіметке тапсырма берді.

«Үкіметке Жакаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым.

Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс.

Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқы бар. Бірақ бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт  шерулер туралы заңға  сәйкес атқарылуы тиіс», — деп мәлімдеді.

«Ақ жол» партиясы фракциясы өткен жылы газдың, көмірдің және дизель отындарының қымбаттауына қарсы депутаттық сауал жасаған болатын. Бүгінгі ереуіл көрсеткендей, үкімет одан дер кезінде дұрыс қорытынды шығармаған.

ҚР Премьер Министрінің орынбасары Р.Склярға депутат С. Ерубаев жолдаған «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалында:

— Партиямызға еліміздің түкпір түкпірінен келіп түскен автогаз отының тапшылығы және оның бағасының күрт өсуі жөніндегі шағымдары осы депутаттық сауалға негіз болды. Бұған дейін 50-60 теңге тұратын газ, соңғы кезде 120-150 теңгеге дейін ұлғайды.

Тіпті, қойнауы мұнай мен газға толы Атыраудың өзінде, газдың бағасы бір түнде 95 теңгеден 110 теңгеге дейін өсті. Бұның бәрі газ қожайындарының қолдан істеп отырған ісі деген сөз ел аузында жүр, — деп атап көрсетілген еді.

— Биылғы жылдың қазан айында дизель отының тапшылығына және бағасының өсуіне куә болдық. Осы жағдайға байланысты, жүргізушілер өңірлерде ереуілге де шығып жатты.

Бұл мәселе бойынша 6 қазанда, «Ақ жол» фракциясы Энергетика министрінің атына бензин және дизель тапшылығы проблемасын шешу жолдарының бірі ретінде шағын мұнай өңдеу кәсіпорындарына жан-жақты қолдау көрсетуді және сыбайластықтың бар-жоғына тексеру жүргізуді ұсынып, депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Үш айдан аса уақыт өтсе де, бұл сауалға әлі күнге дейін жауап алған жоқпыз.

Сол кезде министрлікте дизель отынының бағасы нарық заңымен реттеледі және жуырда төмендейді делінген болатын. Алайда жағдайдың жақсаратын түрі жоқ. Ел экономикасына және тұтыну бағаларына тікелей әсер ететін дизель отының құнын бақылаудан шығарып алу, жауапсыздық және мемлекеттік емес көзқарас деп санаймыз.

Қазан айының соңында авиакеросин тапшылығына да тап болдық. Көршілес елдің энергетика министрлігінің көмегімен дизель отыны мен керосиннің мәселесі уақытша шешілген. Бірақ, дәл осы жерде «уақытша» деген сөзді естен шығармауымыз керек!

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Үкіметтің жұмысын қатаң сынға алып, дизель отынының тапшылығы жасанды екендігін баса айтты.

2017 жылы Елбасы қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртумен қатар, төртінші зауыт салу қажеттігін атап өткен болатын. Алайда, бұл бастамаға министрлік тарапынан жаңа зауыт қажет емес деген тұжырым, бүгінгі жағдайда ел экономикасына тиімділігі күмәнді болып отыр. Еліміздегі Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға екі триллион теңге жұмсалды. Ендеше, аталған зауыттардың жыл сайын жөндеуге тоқтатылуын немен түсіндіреді.

Бірақ Министрліктің жауабы әрқашан дайын, егер, дизель отыны тапшы болса оған көршілес елдердің ауыр жүк көліктері кінәлі, ал автогаз жетпесе оған газбен жүретін көліктер санының көбеюі туралы сылтау айтылады.

Жерасты байлығымыздың тағы бір негізгі түрі – көмірдің де тапшылығы орын алуда. Оның үстіне, бағасы да тым қымбат.

Бұнда да ұятсыз спекуляция сипаты байқалады!

Мысалы, «Шұбаркөл» кеніндегі көмірдің тоннасы 5800 теңге болса, карьерден, сатып алушыға барар жолда көмірдің бағасы, 16 мыңға дейін жетеді.

Бұндай жағдайда тапшылық қолдан жасалып, бағалық сөз байласу фактілері расталса, құқық қорғау органдары да сыртта қалмауы керек.- деп талап еткен болатынбыз.

Мемлекет басшысы айтқандай, жанар жағармайдың қымбаттауы транспорттық компаниялармен қатар, күнделікті тауарлардың да бағасының өсуіне әкеліп соқтырады.

Мемлекет өз тарапынан дағдарыс кезінде адал кәсіпкерлерден бағаны көтермеуді әрдайым талап етуді ережеге айналдырып алғандай. Қалыптасып отырған жағдайда, кәсіпкерлердің де мемлекеттен мұнай өнімдері мен көмірдің бағасын реттеуді талап ету орыны бар деп есептейміз.

Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, «Ақ жол» фракциясының ұсыныстарын жүзеге асыру мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз.

Еліміздің жерасты байлықтары шектеулі адамдардың мүдделеріне ғана емес, бірінші кезекте ішкі экономикаға жеткілікті көлемде, бизнес өкілдеріне және халыққа қол жетімді түрде қызмет етуі қажет деп санаймыз, — деп маңызды мәселені шешуді сұраған едік.

Мұнай мен газ және көмір өндіріп жатып, газ бен көмірге, жанар-жағармайға жарымау деген олигархтары үкіметтен күшті біздің елде ғана болатын жағдай шығар…

Елдің жағдайы жақсаруы үшін, халықтың орынды талабы орындалуы  тиіс!» — деп жазды ол.