халықтың әл-ауқаты біршама емес, өте көп деңгейге көтерілді
Қысқа сілтеме алу
Нұрсұлтан Назарбаев маусым айында ел тізгінін ұстағанына 30 жыл болатынын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға алпауыт елдердің ортасында отырып, тәуелсіздікті сақтау оңай болмағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Назарбаев Қазақстанның тізгінін ұстағанына маусым айында отыз жыл толатынын атап өтті.
«Мінеки, мен ел басына келгелі дәл осы айдың ішінде отыз жыл болады екен. Қарап отырсам, көпшілігіңізбен осы жылдар бойы бірге келе жатырмыз, бірге жұмыс істеп, бірге күліп-ойнап дегендей. Талай нәрсені басымыздан өткіздік. Еліміз тұрақтанды, дүниежүзіне белгілі Қазақстан болды. Аяғынан тік тұрды. Экономикасы көтеріліп, халықтың әл-ауқаты біршама емес, өте көп деңгейге көтерілді. Халықтың барлығы оны көріп отыр»,- деді Елбасы сенатта «Құрметті сенатор» төсбелгісі табысталғаннан кейін.
Назарбаев ел экономикасын өркендету жолында кейінгі кезде көп шара қолға алынғанын айтты.
«Дүниеде қандай жағдай болып жатқанын біліп отырсыздар. Құдайға шүкір, соғыс болмаса да, экономика, технология жағынан сұрапыл күрес жүріп жатыр. Осының ішінде бізге алпауыт елдердің ортасында отырып, тәуелсіздігімізді сақтап қалып, өз саясатымызды жүргізіп, солармен дос болып, жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Оны қазір айту оңай. Бәрі дәл осылай бола қалған сияқты деп ойлайды», — деді ол.
Назарбаев Қазақстан алып елдердің алдында өз дәрежесін тек қана ақыл-парасатпен, дұрыс қарым-қатынаспен көтере алатынын қадап айтты.
Тағы оқыңыз: Назарбаевтың президенттікке бірнеше кандидатты қарастырғаны белгілі болды
Назарбаев құрметті сенатор болды
Айта кетсек, бүгін сенатта Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті сенатордың төсбелгісі мен куәлігі табыс етілді.
30 мамырда сенат депутаттары Қазақстанның тұңғыш президентіне «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл бастаманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.
Енді Елбасы сенаттың, комитеттердің отырысына, соның ішінде ашық отырыстарға қалаған уақытында қатысып, өзінің ой-пікірін білдіре алады. Құрметті сенаторға жалақы төленбейді.
«Құрметті сенатор» мәртебесі Қазақстан парламенті сенатының тарихында алғаш рет беріліп отыр.
sputniknews.kz