Халықты жаппай сенбілікке шығару дұрыс емес — экобелсенді
Бүгін республика бойынша жаппай сенбілік ұйымдастырылғаны белгілі. Бұл ретте, экобелсенді Сәкен Ділдахмет халықты жаппай сенбілікке шығару дұрыс емес екенін алға тартып отыр, деп жазады Kznews.kz.
“Не себепті дейсіздер ма? Біріншіден, ол жерлерді күтіп, тазалап ұстайтын арнайы қызметтер бар. Екіншіден, жұмыскерлерді қаланың түпкір-түпкіріне апарып, айдаланың қоқысын жинатуға болмайды. Сол жақта тұратын адамдарды жұмылдыру керек. Солардың қоқыстары, солардың шашқандары.
Әркім өз ауласына, қорасына жауапкершілікпен қарамайынша, барлығы немқұрайлы ластап жүре береді. Сол себепті, ауланың белсенділері бірігіп, тұрғындарды осындай ортақ жұмыстарға тарту керек. Баяғыдай ауланың тұрғындарын біріктіретін бастама керек”, – дейді ол.
Оның айтуынша, қоқыс тастағаны үшін жауапқа тарту керек. Айыппұлдан бастап, “қоқыс батыр” деп фотосын әр аулаға ілу керек.
“Сонда ғана тазалыққа бет бұрамыз. Қыс қалай бітті, төңіректің барлығы қоқыс, темекінің тұқылы. Мықты ел болу үшін өзімізге мықты болуымыз қажет! Бұл аула, бұл аудан, бұл қала, бұл ел — баршамызға ортақ. Сасысақ та, шірісек те, осы жерден еш жаққа кетпейміз. Таңдау өзімізде!”, – деді экобелсенді.