Халықаралық валюталық қор: Несиелеу нарығын қолдауға зейнетақы қорынан қаражат алынбауы тиіс. Жаңалықтарға шолу

0

2019 жылға «Болашақ» бағдарламасына 555 грант бөлінді

Үміткерлер 155 мамандық бойынша білім алуға шет елге барады. Былтыр да Елбасы стипендиясына 555 грант бөлінген еді. 25 жылдан бері бағдарлама аясында 13 мыңнан астам үміткер білімін шыңдады.

Forte bank Қазақстандағы жыл банкі аталды

Лондонда The Banker журналы әлемнің үздік банктерін марапаттады. ForteBank екінші жыл қатарынан «Қазақстандағы жыл банкі» номинациясында жеңіске жетті. Сарапшылардың пікірінше, ForteBank динамикалық өсу қарқыны, инновациялық технологияларды дайындап, енгізу және стратегиялық жобалард жүзеге асыру саласында көш бастап тұр.

Несиелеу нарығын қолдау үшін зейнетақы қорынан қаражат алынбауы тиіс

Халықаралық валюталық қор сарапшылары Қазақстан экономикасының түйткілді тұстарына зерттеу жасап, осындай тоқтамға келді. Ұлттық банктің теңге бағамын қолдаудағы барлық қадамдарын негізді дейді мамандар. Бұл ретте, еліміздегі екінші деңгейлі банктерді қолдау үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражат алудың арты инфляцияға әкелуі мүмкіндігі айтылды.

Қытай Қазақстанға күн және жел электр стансаларын сыйға тартты

Олар Алматы қаласы мен облысының аумағында орналасқан. Қуаты 1 МБт күн электр стансасы мен 5 МВт жел электрстансасын қайтарымсыз негізде берілді. Жоба Қытай мен Қазақстан арасындағы келісім бойынша жүзеге асырылған. Бүгін стансалар ресми түрде ашылды.

Украина 16-дан 60 жасқа дейінгі Ресей азаматтарына елге кіруге тыйым салды

Олар енді елге тек гуманитарлық жағдайда кіргізілуі мүмкін. Ведомство басшылары шекара қатаң режимде жұмыс істеуге көшкенін жария етті. Еске сала кетейік, 26 қарашада Украина Президенті Петр Порошенко елде соғыс жағдайы енгізілгені туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Жаңа жылдан бастап Алматыда төрт тұрғын үй кешенінен «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алуға болады

Келер жылы бағдарлама талаптарына сәйкес келетін 900 пәтер сатылымға шығарылады. Олардың бәрі Медеу ауданындағы Халық аренаға қарсы бүтін ауданда ЖК «Восточка» ТК орналасқан. «Баспана» ипотекалық компаниясы бағдарлама бойынша сондай-ақ «Үш сұңқар», «Жандосова», «Алатау сити» тұрғын кешендерінен де пәтер алуға болатынын хабарлады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Венгрия оқу орындары қазақстандықтарға 250 оқу грантын бөлді. Венгрия Үкіметі Қазақстан азаматтарына 2019-2020 оқу жылына арналған «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді. Ол бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламаларында Венгрия елінде тегін білім алуға мүмкіндік бар. Грант иегерлеріне ай сайын стипендия беріледі, жатақхана, сондай-ақ медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіледі. Бағдарлама туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Baq.kz: Қыс бұрқасынмен басталады. Қазгидромет желтоқсанның алғашқы үш күніне арналған ауа райын ұсынды. Ол бойынша Республиканың басым облыстарында суық атмосфералық фронттар жауын-шашын шақырады, ал фронттардың артынан таралатын күшті антициклон алдымен оңтүстік және оңтүстік шығысқа, артынша қалған аймақтарға суық ала келеді. Аязды күндері жауын-шашын тоқтайды.