Халықаралық саясаткерлер – Астанада
IV отырысқа әлемнің 30 елінен келген 50-ге жуық спикер қатысуда. Оның ішінде Аустрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапония мемлекеттерінің өкілдері бар.
Шараға экс-президенттер мен бұрынғы премьер-министрлер, бұрынғы сыртқы істер министрлері, Нобель сыйлығының лауреаты, геосаясат жөніндегі әлемдік бестселлерлердің авторлары және халықаралық қатынастар, геосясат пен экономика бойынша сарапшылар арнайы келген. Мәселен, спикерлер арасында Ауғанстанның 2004-2014 жылдардағы президенті Хамид Карзай, Пәкістанның 2004-2007 жылдардағы премьер-министрі Шаукат Азиз, Словенияның 2007-2012 жылдардағы президенті Данило Тюрк, Италияның 2002-2004 және 2008-2011 жылдардағы сыртқы істер министрі Франко Фраттини, Португалияның 2002-2004 жылдардағы премьер-министрі Жозе Мануэл Баррозу, 1997-2009 жылдар аралығында МАГАТЭ-нің бас директоры лауазымын атқарған, Нобель сыйлығының бейбітшілік бойынша лауреаты Мохаммед Әл-Барадей және атақ-даңқы мен беделі алысқа кеткен басқа да тұлғалар бар.
Отырыстың бірінші күні бірнеше секция бойынша ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді тереңнен талдаған сарапшылар негізінен «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құрамыз?» деген басты тақырыпты қаузады. Тақырыптың бұлай алынуының себебі де жоқ емес. Өйткені «Астана клубы» төртінші отырысының арнайы сессиясы аясында «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптер рейтингі» халықаралық зерттеуі көпшілік назарына ұсынылды. Зерттеу жұмысына әлемнің ең үздік отыздан аса сарапшылары мен саясаткерлері қатыстырылған. Атап өтерлігі, олардың пікіріне мемлекет басшылары, халықаралық институттар мен бұқаралық ақпарат құралдары құлақ асып отырады. Сонымен қатар зерттеу барысында 60 мемлекеттен 1000-нан аса респонденттер арасында сауалдама жүргізілген. Жалпы, зерттеудің мақсаты Еуразия аймағындағы ғана емес, жалпы әлем бойынша қалыптасқан геосаяси және геоэкономикалық үрдіске баға беру болғандығын журналистерге арналған брифингте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев айтып берді.
– Сауда соғыстары, санкциялық және басқыншылық саясат орнаған бұл заманда теке-тірестерді шешуге бағытталған БҰҰ, ДСҰ сынды маңызды халықаралық институттардың өздеріне қауіп төніп тұр. Қазіргі үрдістер жаһандық қауіпсіздік жүйесінің дағдарысқа ұшырағанының дәлелі. Ал мұның салдары ауыр болмақ. Сондықтан Еуразия қазір күрделі әрі маңызды шешім қабылдауға мәжбүр. Не бірігуі тиіс, не жаһандық шиеленіс алаңына айналу қаупі туады.
Таңдау қайсысына түсетіні жақын болашақта белгілі болмақ. Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан үшін осы аймақтағы елдердің барлық теке-тірестерді бейбіт жолмен шешіп, ымыраға келуі аса маңызды. Сондықтан Еуразияның жетекші елдері арасында диалог орнату – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты міндеттердің бірі. Бұл орайда, біз әзірлеген қауіптер рейтингі осы диалогтың негізі бола алатындай өзекті мәселелерді айқындауға бағытталған, – деді ол.
Сонымен, 2019 жылы Еуразияға қандай қауіп төнуі мүмкін? Олар мыналар – Қытай мен АҚШ теке-тіресінің шиеленісуі, кең ауқымды сауда соғыстары, Таяу Шығыстағы үлкен соғыс, Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нашарлауы, Еуразиядағы «шиеленіс ошақтарының» қайта жандануы, жікшілдік, этнос пен конфессияаралық шиеленістердің ушығуы, экологияға және су ресурстарына төнген қауіптердің ушығуы, киберқауіптердің дамып, күшеюі, жаппай қаруланудың жаңа кейпі және ірі ядролық, техногендік апаттар қаупі.
Әрине, бұл – сарапшылардың болжамы ғана. Бірақ кәнігі, дуалы ауызды мамандардың ортақ шешімге келіп, іріктеген қатерлердің жаңсақ болатын кезі сирек. Осы орайда, баспасөз мәслихатына қатысқан Америка Құрама Штаттарынан арнайы келген Атлантикалық кеңестің аға сарапшысы Ариэль Коэн құрлыққа төнген қауіп-қатерлерді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын ескертіп, әлемдік қоғамдастық назарын бұруға күш салғандығын атап өтті. Ал Еуразия зерттеулер институтының директоры, Шанхай мемлекеттік басқару және халықаралық қарым-қатынастар мектебінің өкілі Ян Чен құрлықтағы тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан тарапы көп еңбектеніп жатқандығына тоқталды.
Жалпы, сарапшылар көп жақты саясат пен ірі емес елдердің ықпалы күшейе бастаған кезеңде Еуразия қандай стратегиялық қадамға баруы қажет екендігін арнайы талқыламақ. Мәселен, қазіргі уақытта Үлкен Еуразияның қандай болатындығына байланысты түрлі сценарийлер қарастырылуда.
Айта кетелік, «Астана клубының» жалпы отырысы бүгін өтіп, негізгі мәселелердің қорытындылары шығарылмақ.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»