Халықаралық олимпиада жеңімпаздары ЖОО-ға тегін түсе алады – министр

0

Еліміздің атынан халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанған оқушыларға ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дарынды балаларды қолдау бойынша бізде кешенді жұмыс жүріп жатыр. Биыл елімізде әлемдегі ең беделді олимпиадалар бойынша рекорд орнады. Біздің оқушылар пәндік халықаралық олимпиадалардан 27 жүлде алып келді. Бұл балалар мен оларды дайындаған ұстаздардың еңбегі. Сонымен қатар ата-аналардың қолдауының арқасында осындай жетістікке жетіп жатыр», — деді Асхат Аймағамбетов елордадағы №86 мектеп-гимназияда өткен алғашқы қоңырау салтанатты шарасы барысында.

Сондай-ақ, министр халықаралық олимпиадалардан жеңіспен оралып, медаль алып келген оқушыларға қаржылай үстемақы берілетіні туралы айтты.

«Таяуда ғана еліміздің түкпір-түкірінен келген халықаралық олимпиаданың биылғы жеңімпаздарын қабылдап, оларға 4,7 млн-ның сертификатын табыс еттім. Енді бұл балалар ҰБТ тапсырмай-ақ, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алып отыр. Осылайша біздің мемлекет дарынды балаларға қолдау көрсетуде. Бұл жұмыс жалғасын табады», — дейді ол.

Айта кетсек, ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бүгін елордадағы М. Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында жаңа оқу жылына орай өткен салтанатты шараға қатысты.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2022-2023 оқу жылында елімізде 3,6 млн бала 7 637 мектепте білім алады.