«Халық сізді сондай жақсы көрді ғой»: Әзілкеш Нұрболхан Ләйлә Сұлтанқызының жобасын әшкереледі — Қазақстан жаңалықтары
КТА ойыншысы, әзілкеш Нұрболхан Шарапов Ләйлә Сұлтанқызына қатысты өз шындығын айтты. Оның пікірінше, Сұлтанқызы — «Өз ойым» бағдарламасының жүргізушісі ғана емес, жоба авторы. Бұл туралы ойын ол Нұрсұлтан Құрманға берген сұхбатында білдірді, деп жазады Stan.kz.
«Біріншіден, Ләйлә Сұлтанқызы сол арнаның директорлар кеңесінің қатарында бар. Ол кісі Qazaqstan-да, «Хабар» арнасында тікелей эфирде болды. Ол тура сол жасап жүрген жобасын басқа арнаға алып барды. Ол жоба — Ләйлә ханымдікі негізі. Бағдарлама сіздікі болса, кез келген адамды продюсер етіп қоя аласыз ғой. Ол — каналдың директоры. Жаңағыдай тақырыптарды шығарған кезде кез келген нәрсені басшылықпен ақылдасады ғой», — дейді Нұрболхан.
Әзілкештің айтуынша, Ләйлә Сұлтанқызы көптің тарапынан айтылып жатқан сын-пікірлерден үндемей құтылғысы келеді. Шын мәнінде, тележүргізуші өзінің тарапына айтылатын жағымсыз сөздерді жүрегіне қатты қабылдайды, дегенді жеткізді Нұрболхан. Ол мұны бір кездері Ләйләмен бірге жұмыс істеген кездерінде байқаған.
«Мен ол кісіні өте жақсы білемін. Ол кісі сын-пікірді қатты қабылдайды. Бір кездері бірге жұмыс істедік. Білемін, ондай нәрсені қатты жүрегіне қабылдайды. Күйзеліске, паникаға кетіп қалатынын білемін. Егер «ит үреді, керуен көшеді» дейтін болса, ол кісі мені Instagram-да бұғаттамайтын еді. Айтса, айта берсін деп қалдыратын еді. Жоқ, ол кісі мені бұғаттап тастады. Мен ол кісіні қайта-қайта белгілей бердім. Ол белгілеген сайын оның жүрегіне, миына тие берді. Содан кейін құрысын аулақ жүрейін деген шығар», — дейді Нұрболхан.
Шоуменнің пікірінше, «Әйел бақытын» жүргізген уақытта Ләйлә Сұлтанқызы көпшілікке сыйлы еді. Сол шыққан биігінде қала беруі керек еді, деп өкінеді ол.
«Құрметті, Ләйлә Сұлтанқызы! Мен сізді өте жақсы білемін. Кезінде жұмыс барысымен араластық. Қуанышыңызда да болдым. Мен жағымпаз, болашақта сізбен араласу деген оймен отыратын болсам, бұл мәселені көтермес едім. Халықтың, ұлттың жанашыры ретінде, дін рұқсат бермейтін мәселеде сізге үндеу жасадым.
Сізге айтарым, «Өз ойымды» жаппай-ақ қойыңыз, жабылмайды да ол. Бірақ бұрын да сізде жақсы тақырыптар болды. Неге қоғамда болып жатқан басқа да әлеуметтік тақырыптарды қозғап жүріп-ақ, сол сүйкімділігіңізбен қала бермедіңіз?! Сізді қандай жақсы көрді халық. Қазір де жақсы көреді ғой, бірақ мына жағдайдан кейін теріс пікір жазып жатқандар да көп. Ұлттың тағдырын айтатын бағдарлама болса деймін, бұттың емес», — деп Сұлтанқызына ашық үндеу жолдады Нұрболхан.
stan.kz