Халық саны 200-ден аспайтын ауылдар ауыз сумен қалай қамтылады?

0

2607 ауылда тұратын 1,2 миллион адам санитарлық нормаларға сай ауыз сумен қамтылады

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауылдарды қажетті көлемде сапалы сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеп қойған. Бұл туралы ведомство басшысы Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, ауылдарда орталық сумен 6,5 миллион адам немесе 84,4 %-і қамтылған. Бұл ретте, басқа ауылдар жергілікті су көздерін пайдаланады.

«Министрлік биыл 88%-ке дейін жеткізуді және 2023 жылы халықтың 100%-ін тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр», – деді Скляр үкімет отырысында.

Осы орайда ведомство басшысы халық саны тым аз ауылдарға ауыз су қалай жеткізілетінін айтты. 

Тағы оқыңыз: Тоқаев ауыз су мәселесін шұғыл шешуді тапсырды

«Халқының саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сай келетін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнату қажет. Бұл 1333 ауылды сумен қамтуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Ал тұрғындары 200 адамнан асатын 1274 ауыл орталық су құбырларымен қамтылмақ. Осылайша, оның айтуынша, 2607 ауылда тұратын 1,2 миллион адам санитарлық нормаларға сай ауыз сумен қамтылады.

Сонымен қатар, министр су тарифтеріне де тоқталды.

«Ауылдық жерлерде суға қолданылып жүрген тарифтер өңірлерде әртүрлі. Ең төменгі тариф Жамбыл облысында – 25 теңге, ең жоғарғы тариф Қостанайда – 3 992 теңге. Халық үшін тарифтерді мемлекет субсидиялайды. Халық суға, есептеу құралы болса, 30 теңге, ал болмаған жағдайда 40 теңге төлейді. Көрсетілген тарифтен артық сома субсидияланады», – деді Скляр.

Айтуынша, бүгінде республикалық бюджеттен шамамен 13 миллиард теңге субсидия бөлу көзделген.

«Бұл ретте, жаңа объектілердің іске қосылуына қарай субсидиялауға қажеттілік өсіп отыр», -деді ол.

 



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз