Халық санағына бюджеттен 8,2 млрд теңге жұмсалады
Қазақстанда халық санағы 2020 жылы қазан айында өтеді. Оған бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінеді деп хабарлады 13 ақпанда Нұр-Сұлтанда ұлттық экономика министрлігіне қарайтын статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов.
Оның айтуынша, халық санағын өткізу үшін 32,5 мың адам тартылады, бюджеттің негізгі бөлігі яғни, 3,7 млрд теңге солардың жұмысына төленеді.
— Бюджеттің негізгі бөлігі — 3,7 млрд теңге интервьюерлердің еңбекқасын төлеуге жұмсалады. Бұған қоса санаққа байланысты онлайн ресурстар жасалады. Ақпараттық жүйе құрдық. Әр облыс орталығында халық санағы үшін басқарма ашылады, — деді халық санағының бюджеті туралы сұрақтарға жауап берген Нұрболат Айдапкелов. Оның айтуынша, планшет сатып алуға 1 млрд теңге қаражат бөлінбек. «Бюджет туралы толық кесте арнайы сайтта жарияланады» деді ол.
Ол мұғалімдер мен дәрігерлердің халық санағы жұмысына қатыспайтынын, халықтан сауалнама жинайтын адамдар арнайы іріктелініп, курстардан өтетінін айтты.
Жалпы санақ екі кезеңнен тұрады. 1-30 маусым аралығында интервьюерлер тұрғын үйлер мен ғимараттарды аралап, онда тұратын адамдар санын анықтайды. Санақтың екінші кезеңінде яғни, 1-30 қазан аралығында санақ жүргізіледі. Оған онлайн түрде де қатысуға болады. Сауалнама аяқталғанда әрбір азаматқа халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі.
Заңға сай, Қазақстанда санақ әр он жылда бір рет өтуі тиіс. Соңғы рет халық санағы 2009 жылы өткен.