«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүйелі түрде жүргізіліп келеді
«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының алдына қойған мақсаты сан алуан. Бұл – мәні де, мағынасы да өте кең ұғым. Бір сөзбен айтқанда, оны бүгінгі заман талаптарына сай халықпен тығыз қарым-қатынас жасаудың жаңаша бір тетігі, оңтайлы әдісі деуге болады», деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жобаның кейінгі кезеңінің қорытындысына байланысты өткізілген комиссия отырысында.
Өңір басшысының ой-пікірін сәл тереңдете түсер болсақ, аталған жоба аясында қайырымдылық қағидаттары қанат қағып, жетімдерді жебеп, сүрінгенді демеу жөнінде біраз істің басы қайырылды. Оның басты бөлігін қайырымдылық көмектер құрайды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту мен жүргізу бойынша семинарлар, тренингтер мен шеберлік сабақтары өткізілді. Жоба – шағын және орта бизнесті дамтыуға қатысты қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды ел-жұрттың арасында кеңінен түсіндіруге басымдық береді.
Бүгінгі кезде еліміздің қай өңірінде болсын, теріс діни ағымдардың жетегінде жүргендер кездеспей қалмайды. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демей ме дана халқымыз. Осы орайда теологтер мен діни ағартушылық бағытта қызмет жасайтын сарапшылар тобының қызметі де тиісті нәтижесін беріп жүр.
Деструктивті діни ағым өкілдерімен жекелеген және топтық кездесулер өткізу үрдісі де енгізілді. Қандай теріс құбылыс болсын, оның алдын ала білген жағдайда залал келтіре қоймаса керек. Бұл ретте көңілге қонымды, мазмұнға бай, профилактикалық іс-шаралар жобаның нәтижелі болуына ықпалын тигізуде. Қазіргі кезде жоба шеңберінде жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін одан әрі көтеру жолдары қарастырылуда.
Республика өңірлері арасында халықпен қоян-қолтық жұмыс жүргізудің баламасы жоқ жолдары белгіленген уақыттан бері облыста жүйелі шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде мақсаттық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Бүгінгі басты міндет осымен шектеліп қалмай, халыққа қажетті алғышарттарды одан әрі ширата түсу болмақ.
Айталық жобаның жетінші кезеңінде 126 іс-шара өткізіліп, оған 14 мың адам қамтылыпты. Әрине басты гәп санда емес, сапалық көрсеткіште, жүргізілген жұмыстардың тұрғындарға тигізетін пайдасында, кездесу кезінде айтылған әңгімелердің жүректерге жетуінде. Бұл тұрғыдан да «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының бәсі биік тұр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ
Дереккөз: http://egemen.kz/