«Халық пен билік екі түрлі Қазақстанда өмір сүреді»
КҮНЕЛТУ
Қолына себет ұстаған алматылық Мигинур Кударбекова қаладағы базарлардың бірінде азық-түлік қатарларын асықпай аралап жүр. 65 жастағы зейнеткер базардан керек тамақты қолындағы ақшасына шақтап сатып алатынын айтады.
— Бір жолы — тауық етін, келесіде екі келі сиыр етін сатып аламын. Екі күн тауық етін, ал сенбі-жексенбіде — сиыр етін жейміз. Азық-түлік қымбаттап барады. Өткен айда тауықтың сан еті 750 теңге еді, бүгін 850 теңге болыпты. Бір айда бағасы 100 теңгеге өскен. Бүгін мың жарым теңгеге тауық, 400 теңгеге печенье, 720 теңгеге сүт, 300 теңгеге сәбіз сатып алдым, — дейді ол.
Мигинур совет кезінде сауда саласында істеген, қайта құру басталған соң төрт жыл жұмыссыз отырып, кейін он бес жыл тәрбиеші болған. 2011 жылы зейнетке шыққан. Отбасында жасы тоқсанға келген қарт анасы, екінші топтағы мүгедек қызы үшеуі бірге тұрады. Ол зейнетақысы соңғы жеті жыл ішінде екі есе өсіп, қазір 62 мың теңге болғанын, бірақ «күнкөріске жетпейтінін» айтады.
— Кәрі анам да зейнетақы алады. Екінші топтағы мүгедек қызыма үкімет 30 мың теңге жәрдемақы төлейді. Мүгедектерге тиын-тебен ғана береді ғой. Үшеуіміздің алатынымызды қосамыз. Тамаққа айына жүз мың теңгедей кетеді. Ақшамыздың үштен бірін дәрі-дәрмекке жұмсаймыз. Несін жасырайын, жетпейді. Жұмыс істейтін кезімде жақсы еді, — дейді зейнеткер.
Ақшаны далаға шашпай, дұрыс жарата білсең, өмір сүруге болады.
Мигинур Кударбекова кейбір постсоветтік елдерге қарағанда Қазақстанда халықтың тұрмысы «жақсы» деп санайды.
— Басқа республикалармен салыстырғанда, құдайға шүкір, жақсы өмір сүріп жатырмыз. Ет жейміз, тауық жейміз. Грузияда, Украинада не болып жатыр?! Ақшаны далаға шашпай, дұрыс жарата білсең, өмір сүруге болады. Бірақ зейнетақыға көбірек қосқаны да жақсы болар еді, — дейді ол.
Видео: Зейнетақыңыз күнкөріске жете ме?
КҮНКӨРІС МИНИМУМЫ
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда екі миллионнан астам зейнеткер бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің маусымдағы ақпаратына сәйкес, елдегі зейнеткерлердің 44 пайызы күнкөріс минимумына тең мөлшерде (27 мың теңге) базалық зейнетақы алады. Биыл қыркүйекте министрлік жариялаған деректе «Қазақстанда орташа зейнетақы мөлшері — 81 мың теңге» деп көрсетілген.
Қазақстанда әлеуметтік әлсіз топқа кіретіндер үшін ең төменгі күнкөріс минимумының маңызы зор. 2015 жылы қабылданған «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заңның 17-бабы бойынша, «айлық жалақының ең төмен мөлшерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды белгілеуде» күнкөріс минимумы қолданылады.
Күнкөріс минимумы, заңның 18-бабына сәйкес, «ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс».
Видео: Күнкөріс минимумына — 29 мың теңгеге өмір сүруге бола ма?
АФРИКА ЕЛДЕРІНІҢ НОРМАСЫ
Сарапшылар 13 жылдан бері құрамы өзгермеген тұтыну себеті мәселесін билік түрлі жылдары ара-тұра көтергенімен, «қызу талқыланбайтын» айтады. Азаттық сөйлескен мамандардың ешбірі «күнкөріс минимумы орташа өмір сүруге жеткілікті» деп санамайды.
Экономист Айман Тұрсынхан 43 тауардан тұратын себетті «бір жылдары Африканың ашыққан кедей елдері үшін Біріккен ұлттар ұйымы арнаулы бағдарлама аясында жасағанын» айтады. «Қазақстан сол норманы өзіне алып, бекіткен» дейді маман.
— БҰҰ елдің климаты мен ағзаға қажетті калория мөлшерін ескеріп есептеген. Біздің норма калория тұтыну қажеттігі екі есе төмен, Африканың климаты ыстық, халқы ашыққан елдеріне арналған. Ал Қазақстанда климат күрт құбылмалы – қысымыз суық, жазымыз ыстық болғандықтан, ағзаға ет пен ақуыз көп керек. Оның үстіне, Қазақстан халықаралық стандарттар бойынша орташа табыс табатын елдер қатарына кірген. Сондықтан біздегі тұтыну себеті Шығыс Еуропа елдердің стандартына негізделіп, қайта жасалуы керек еді. Бірақ әлі ештеңе өзгерген жоқ, — дейді ол.
Сарапшы «Қазақстанда инфляция шамасын есептегенде девальвация ескерілмейтінін» айтады.
— Соның салдарынан, бір адамға айына шамамен 100 мың теңге жаратылғанымен, күнкөріс минимумы 28 мың теңге болып тұр. Бұл есептеу әдісінің қателігінен. Есепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасайды. Бірақ министрлік экономиканы бақыламайды. (Нарықтағы) бағаға мониторинг жүргізбейді. Мониторингті жергілікті әкімдік жүргізеді. Бірақ әкімдік өкілдері базарға барар алдында ескертеді де, бағаны жаппай төмен ұстап отырады. Осылайша, министрлікке жалған ақпарат жетеді, — дейді Айман Тұрсынхан.
Экономист Айдар Әлібаев Қазақстандағы тұтыну себетіндегі тауар саны Франция, Германия тәрізді Еуропа елдеріндегі мөлшерден 11 есе аз дейді.
— 28 мың теңге деген не? Адам сенгісіз сома. Күніне мың теңгеден аз ақшаға не келеді? Бұған адам қалай күн көреді? Қазір азаматтардың қалай күнелтіп жүргенін бір құдай біледі. Сапалы өмір туралы айтпай-ақ та қояйық. Ішіп-жемі, коммуналдық қызмет пен дәрісі бар егде адам қайтеді? Біріне тартсаң, басқасына жетпейді, – дейді экономист.
Әлібаев бұл проблема қоғам тарапынан көтерілгенімен үкіметтен мардымды реакция жоғын айтады.
— Мәселе айтылады. Министрлік бірдеңе дейді, шенеуніктер сөз табады. Алайда тақырып ашық, қызу талқыланған емес. Билік бұл тақырыпты айналып өтуге тырысады, — дейді маман.
Тұңғыш президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпова «күнкөріс минимумының аздығын оппозициялық қайраткерлер ғана емес, билік адамдары да айтады» дейді. Оның сөзінше, «бұл мәселе біраздан бері бар және билік бұдан хабардар».
— Үкімет бұған назар аударуға тырысады. Жолдауларда «(күнкөріс минимумы) өседі» деп үнемі айтылады. Себебі, мұның қазір өте өзекті мәселе екенін түсінбеу мүмкін емес. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп отыр. Образды түрде «халық кедейленіп жатыр» делінеді. Бұл – факт. Мұны бәрі біледі, — дейді ол.
Айман Жүсіпова Қазақстандағы кедейлік жайлы, бай мен кедей табысы арасындағы айырмаға қатысты зерттеу жүргізіп, бірнеше мақала жазған.
— Бізде статистика шын жағдайды көрсетпейді. Халықтың кедей болуы елдің дамуына тікелей әсер етеді. Алдымызға үлкен, жаһандық мақсат қоямыз, бірақ әрең күнелтіп жүрген халықтың ешқандай мақсатқа «уақыты жоқ», — дейді ол.
«АРТЫҚ ШЫҒЫННАН ҚАШУ»
Азаттық сөйлескен экономистер «мәселе бюджетке келіп тіреледі» деп санайды.
— Билік неге бұл тақырыптан қашады? Себебі, күнкөріс минимумын көбейтсе, бюджеттен қосымша ақша жарату керек болады. Ал қазір үкімет қосымша ақша жарату туралы әңгіме қозғамауға тырысады, — дейді Айдар Әлібаев.
Айман Жүсіпова «бұл тұтас Қазақстанға әсер ететін жағдай болғандықтан, (күнкөріс минимумын көбейтпеудің) астарында бюджет шығынын азайту мақсаты тұруы мүмкін» деп санайды.
Парламент мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жетекшісі Гүлнәр Иксанова Азаттыққа берген комментарийінде минимумды бірден өсіру – бюджетке тым артық салмақ болатынын айтады.
— Әлеуметтік төлемдерге бюджеттің 50 пайызға жуығы жұмсалады. Күнкөріс минимумын екі есе көбейтіп жіберсек, бюджет көтере алмай қалады. Барлық әлеуметтік төлемнің базасы артып кетеді. Бюджет саясаты бар ғой, шығыс пен кірісті есептеу керек, — дейді депутат.
«Қазақстанда бекітілген норма Африканың кедей елдеріне арналған» деп сынаған сарапшылар сөзімен Иксанова келіспейді.
— Жоқ, олай емес. Бізде Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановтың зерттеу қорытындылары бар. Себеттегі азық-түліктерге не кіреді деп біз де сұрағанбыз. Бұл – адамға тіршілік етуге мүмкіндік беретін қуаты бар азық-түлік. Себетті есептер кезде азықтың құнары мен пайдасына мән беру керек. Ғалымдар «14 мың теңгеге шақтауымыз керек» деп, себетті бекітілген сома шеңберіне икемдемеуі тиіс. Алдымен дүкенге өздері барып, азық-түлік алып, бюджет пен басқаны сосын жоспарлау керек, — дейді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Азаттыққа берген жауабында «азық-түлік қоржыны Тағамтану институтының ұсыныстарына сай бекітілген. Бұл норма Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес келеді» деп жазылған. Азаттық хабарласқан Тағамтану институтының өкілі: «Бұл — министрліктің бізге берген мемлекеттік тапсырмасы. Министрлік рұқсатынсыз бұл туралы БАҚ-қа сұхбат беруімізге болмайды» деп жауап қатты.
«САЯСИ ЖҮЙЕ ӨЗГЕРУІ КЕРЕК»
Сарапшылар Айман Тұрсынхан мен Айдар Әлібаев елдегі кедейлік мәселесін айтқанда билікті сынайды.
— Елде үкімет пен халық екі басқа Қазақстанда өмір сүреді. Бұл екі Қазақстан ешқашан түйіскен емес. Мәселенің бәрі – осыдан, — дейді Айман Тұрсынхан.
Дамыған экономика демократиялық саяси жүйе болғанда ғана орнайды.
Айдар Әлібаевтың сөзінше, «күнкөріс минимумына, тұтыну себеті мен зейнетақы көлеміне әсер ету үшін экономика дамыған болуы керек».
— Ал дамыған экономика қашан болады? Ондай экономика бәсеке бар, дамыған, демократиялық саяси жүйе болғанда ғана орнайды. Бәрі бір-біріне байланысты. Жақсы экономикамыз болмай тұрып, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы арқылы өмір сапасын көтеру туралы айтудың өзі күлкілі, — дейді ол.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл «күнкөріс минимумын 2019 жылдан бастап 1,5 есе көбейтіп, 42 мың теңге етіп белгілеуді» тапсырған.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда халықтың 4,7 пайызы — 504 мың адам кедейлік шегінде өмір сүреді. Оларға атаулы әлеуметтік көмек ретінде мемлекеттен айына 14 мың теңгеге дейін ақша төленеді.
Дүниежүзілік банктің биыл күзде жарияланған есебінде «Қазақстан тәрізді табысы ортадан жоғары елдерге шақталған кедейлік шегіне салсақ, Қазақстанда 2001-2017 жылдар аралығында кедейлік деңгейі 65 пайызға азайды. Дегенмен Қазақстан кедейлікпен күресте кедергі болатын экономикалық күйзелістерді тойтаруға келгенде дәрменсіз. 2005 жылы, я 2013-2016 жылдардағыдай өсім бәсеңдеп, экономика тұралап қалса, халықтың көбі кедейлік шегіне тап болады. Шын мәнінде, кедейлік шегінің ең жоғары шамасымен есептесек, Қазақстан 2013 жылы жеткен деңгейіне әлі қайта шыға алған жоқ» деп жазылған.
(Материалды әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәди Бекмағанбет қатысты.)
Дереккөз: Азаттық