Халық «мерс апай» атап кеткен таксиші қазақ әйелі туралы не білеміз? (фото) — новости Казахстана
Қазіргі таңда әйелдердің темір тұлпар тізгіндеуі ешкімді таңғалдырмайтын болды. Десе де 56 жастағы шығыс қазақстандық таксиші әйелдің жергілікті халық үшін орны бөлек. Күнбе-күн ары-бері 600 шақырымды еңсеріп жүрген таксиші басынан өткен қиын да қызық күндерін NUR.KZ порталымен бөлісті.
Гүлдарай Жанғалиеваның негізгі мамандығы есепші. Аумалы-төкпелі 90-жылдары алған жалақысы ештеңеге жетпейтінін білген келіншек ала сөмкені көтеріп саудагер де болған. Ауладан дүкен ашып, жер алып, егін де еккен.
«Мен ерімді басынғандықтан рөлге отырған жоқпын. Бірінші отасқан жолдасым дүниеден ерте қайтып кетті. Ол кісіден екі балам бар. Қазіргі жолдасым да алты баламен жалғыз қалған. Сол уақытта әкімнің жүргізушісі болып қызмет етті. Іссапарға жиі кететіндіктен үйдегі сегіз баланың қамымен өзім жүрдім. Содан жер алып, күнбағыс ектім. Ең алғаш Газ-52 жүк көлігінің рөлін сол кезде ұстауға тура келді», — дейді Гүлдарай Жанғалиева.
Алғашында келіншектің рөлге отырғанын ауылдастары ерсі санап, сұқ саусақтарымен көрсеткен. Керісінше, келінінің пысықтығына ата-енесі қуанбаса, бетін қайтармапты.
«Ата-енем маған қарсы келген жоқ. Атам мені қолдады, шаруа қожалығының жұмысын бірге жүріп тындыратынбыз. Газ-52 көлігінен соң тендермен «Волга» автокөлігін ұтып алып міндім. Ал «Mercedes -190-ды» егіннен түскен табысыма сатып алдым. Міне содан бастап таксиші болдым. Ауылдағылар да, қалалықтар да мені «мерс апай» деп атап кеткен. Қазір «Toyota Camry» тізгіндеп жүрмін», — дейді ол.
«Мерс апай» атанып кеткен таксиші 56 жасқа келсе де әлі күнге Үржар-Семей бағытындағы тас жолмен жүйткіп жүр. Сан түрлі жолаушымен жүгендес болған таксиші жедел жәрдем де, психолог та болғанын алға тартады.
«Ауылдан қалаға дейін 600 шақырым. Таңертең алтыда шығып, түскі бірде жеткен күндерім болды. Түстен кейін адам жинап, кешке үйде отыратынмын. Неше түрлі жолаушы тасыдым. Бір қуаныш, бір қайғыға бара жатқан адамдарды тасымалдап жүріп өзім таза психолог болып алдым.
Ұзақ жолда олармен бірде күліп, бірде қайғырасың. Тіпті жедел жәрдемнің де қызметін атқарып кеткен күндер болды. Айы-күні жеткен келіншек Семейге жетпей толғағы басталып, жолда босанып қалған», — дейді Гүлдарай Жанғалиева.
Осы мүмкіндікті пайдаланған таксиші шығыс қазақстандық жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне алғысын жаудырды.
«Адам болған соң, ережені кейде бұзуға тура келеді. Полиция қызметкерлері тоқтатқан күннің өзінде мені «апамыз екен ғой» деп сыйлап, ескерту жасап жібере салады. Тіпті, көлігімнің түсін де танып алған«, — деп күледі Гүлдарай Жанғалиева.
Осы орайда таксиші Семейдің жолын тілге тиек етті. Айтуынша, ол 11 жыл айналма жолмен жүріп келген.
«Семей жақта жол болмаған. Қазір жол бұрынғыдай емес, екі-үш жылдың көлемінде жөнге келіп қалды. Бұрын масқара еді. 11 жыл айналма жолмен жүрдім», — деп еске алды өткен күндерін таксиші.
Жолдың қызықтары мен қиындықтары да қатар жүретіні белгілі. Алайда Гүлдарай Жанғалиева осы күнге дейін жолаушыларын жолда қалдырып көрмеген.
«Шаршағандықтан жылаған сәттерім болды. Бірақ Аллаға шүкір, күннің ыстығы мен суығында көлігім бұзылып, жолда қалып көрмеппін. Бірде-бір рет жол-көлік оқиғасына түспедім. Дөңгелегім жарылса өзім ауыстырып аламын», — деп ағынан жарылды ол.
Гүлдарай Жанғалиеваның жолдасы да таксиші. Ортақ сегіз баладан 21 немере сүйіп отырған жас ата-әже өздерін бақытты отбасы деп есептейді.