Халық көңілінен шыққан стратегиялық құжаттар
Ауқымды міндеттер, маңызды бастамалар. Бірінші кезекте Елбасының жыл басында жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына тоқтала кетер болсақ, онда индустрияландыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру сынды маңызды мәселелер қозғалды. Сондай-ақ Елбасы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды.
Бұлардан бөлек, Жолдауда көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу, ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыру қажеттігі атап көрсетілді.
Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 пайызға дейін өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады (Жолдаудан – ред.)».
Сондай-ақ Елбасы 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен І топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді, мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырды.
Бірегей бес бастама. Осы жылғы 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жарияланып, ол қоғам тарапынан үлкен қолдау тапты.
Тарата айтар болсақ, аталған үндеуде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру сынды маңызды әлеуметтік бастамалар қамтылды.
Бұл көрсетілген бастамалар бойынша тиісті шаралар қолға алынып, Үкімет, мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы билік, бизнес-қауымдастық және азаматтық қоғам басты міндеттерді орындауға жұмыла кірісті.
Жұртшылық жылы қабылдаған қадамдар. «Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Мемлекет басшысы бірінші кезекте Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді міндеттеді. Мұның түрлі меншік нысандарындағы барлық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысына тікелей қатысы бар. Сондай-ақ бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі.
Сонымен бірге бұған дейін қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Сол үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлу қажеттігі атап көрсетілді. Бұл өз кезегінде 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік бермек.
Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау қажеттігі де аталды.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында маңызды міндеттер күн тәртібіне қойылды. Сондықтан 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігіне екпін берілді. Қорыта айтқанда, 2018 жылы да Елбасы тарапынан еліміздің уақыт талабына сай дамуына кеңінен жол ашқан, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған тиімді бастамалар жүзеге асып, олардың барлығы ел игілігіне айналды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/