Халық кез келгеннен ілім үйрене беруге болмайтынын ұқты

0

Дінтанушы сұхбат барысында мына тақырыптар туралы айтты:

  • базарлардағы адамдардың сауатын ашудың маңызы;
  • қоғамның діни қатынастар бойынша осал тұстары;
  • сәлем салу, домбыра тарту мен ата-баба рухына зиярат етуді ширк санайтындарға жауап;
  • діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру үшін дәрістер мен үгіт-насихаттың қаншалықты жеткілікті екені туралы;
  • елдегі жалпы діни ахуал.

Базар аумағында дәріс өткізудің басты себебі неде?

Түрлі базар маңындағы мешіттерде, намазханаларда мемлекеттің дін саясатын, дәстүрлі діни таным түсінігін, экстремистік пиғылдағы радикал топтардың сипаттамасын түсіндіру жұмысын жүргіздік. Бұған дейін мұндай дәрістер мектептерде, университеттерде  оқылды. Бұл белгілі бір деңгейде өзекті мәселелердің алдын алуы мүмкін. Бірақ біздің қоғамда оқу орындарында оқымай қалған, мектептерде дін мен дәстүр туралы дәріс тыңдамаған, назардан тыс болып бара жатқан жастардың көбі базарда жүр. Ал университет пен мектепте студент, оқушыларды еркінен тыс жинап береді, ал олардың мұндай ауқымды мәселе туралы ойлауға құлқы аз. Азаматтармен жолығу үшін мешіттерге арнайы намаз уақытында барамыз. Оларға мемлекеттің зайырлылық ұстанымын, дін мен дәстүрдің қатынасын, діннің мәдениетті қалыптастырушы ролін, дәстүрлі исламдағы Ханафи-Матуриди мектебінің ерекшеліктерін, мәдениетіміздегі көптеген этнографиялық ұғымның мазмұнында исламға қайшы келетін дүние жоқ екенін түсіндіруге тырысамыз.

Асылтай Тасболат
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қоғамға қауіп қайдан келеді? 

Проблеманы ашық айтайық. Қазақтың мәдени болмысы мен ұлттық бірегейлігінің жойылуына діни сана сезімі тікелей әсер етуі мүмкін. Қауіп те осы әсіредіншілдіктен келеді. Мысалы, қазақтың салт-дәстүрін ширкке санап, исламға қайшы қойып, қоғамға іріткі салып жүргендер көбейіп кетті. Ондайлардың сөзін жоққа шығарып, қателерді болдырмау үшін ҚМДБ “Дін мен дәстүр” атты кітап шығарды. Онда тұсаукесерден бастап, беташарымызға дейін ешқайсысы пайғамбар сүннетіне, ғұламалардың өсиетіне қайшы келмейтінін жазды.

Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі – келіннің ата-енесіне құрмет көрсету, батасын алу мақсатында иіліп сәлем салуын “Аллаға серік қосу”, ширк, харам деп есептейтіндерге не айтар едіңіз?

Құрмет көрсету мен табыну екеуі – екі бөлек нәрсе. Мысалы, намазда адам сәжде жасап қана қоймай, қиямға да тұрады. Қиямда адам тік тұрып тұрады. Ол – Алланың алдында тұру деген сөз. Сен бастықтың алдында да дәл солай тұрасың. Демек, иілу ширк болса, тұруды да ширк деу керек болады ғой. Ата-енесіне иіліп, сәлем салған келінде сыйынып жатырмын деген ниет болмайды. Келін өзін үлкендерді құрметтеп, батасын алып жатырмын деп есептейді. Құрмет көрсету мақсатында иілу сыйыну дегенді білдірмейді. Жапондарда да жерге дейін иіліп адамдарға құрмет көрсету дәстүрі бар. Сондықтан дәстүрімізде бар кез келген іс-әрекеттің ниетіне, мазмұнына мән беру керек. Сыртқы көрінісі мен формасына қарап, ширк, харам деген сияқты, бірден шешім шығару – буквализм мен фанатизмнің көрінісі. Домбыраны харам дейтіндерге жауабым: музыка Ханафи мәзһабы бойынша мазмұнына қарай харам болып есептеледі. Адамның нәпсісін қоздыратын, әйелдің сыр-сымбатын, эротикалық мазмұндарын сипаттайтын өлеңнің харам екені айтпаса да, түсінікті. Ал отбасы, ата-ананы, Отанды құрметтеу туралы немесе адам жүрегін тебірентетін күйлер болсын, ешқандай харам емес. Қазақ даласына ислам құндылықтары, діннің моральдық, этикалық мәні жыр-термелермен жеткен.

“Ұлы қала есімімен біссімілләден бастадым.

Пайғамбар – хақ, Құран шын,

Алланы бір деп жаттадым.

Тәуекелсіз, тәубесіз ұлтқа харам таққаның,

Таңнамаздан бейхабар күн шыққанша жатқаның”, – деген жыр бар.

Абайдың да өлеңдері бар.

“Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Және сүй хақ жолы деп әділетті”. Мұны да өлең тілімен жекізген.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы қазақ даласында исламды таратқан қожалар, молдалар біздің халықтың өлең-жырға жақын екенін ескеріп, өлеңді тілмен дінді жеткізгенін жазды. Сәкен Сейфуллин зерттеулерінде кез келген дүние дінде мазмұнына қарай бағалануы тиіс екенін жазып кеткен. Ән мазмұнында ислам насихатталып жатса, харам болмайды. Біздің “Көгліташ”, “Мирарап” секілді Бұқарада, Қарнақтағы медреселерде білім алған Алаш зиялыларының барлығы өнерден, өлеңнен алыс болмаған, тіпті, өз заманында ислам дінін жарты әлемге таратушылардың бірі болған әл-Фарабидің өзі музыка туралы трактат жазып кеткен.

Тарихи орындарды зиярат етуді харам деушілерге де жауап бере кетейін.

“Дін мен дәстүр” жобасы аясында 30-ға жуық адаммен жеке әңгімелестім. Сондағы көп сұралатыны: “Киелі жерлерге бару харам болып есептеле ме?” Мемлекет “Киелі Қазақстан” бағдарламасымен еліміздің киелі жерлерін насихаттап, жандандырып, дәріптеп жатыр ғой. Түсінгенім – сол діннің фанаттары тарихи орындарға зиярат жасауды, баруды ширк деп санайды. Тарихың, мәдениетің болмаса, ұлт ретінде жойылып кетеміз. Исламда да осы даулы мәселеге айналды. Тарихи жерлерге зиярат етуді ширк санаушылар – салафизм бағытындағылар. Мен ондайларға Мұхаммед пайғамбардың сахабасының қабіріне барып, Құран бағыштағаны туралы хадистерді мысалға келтіремін. “Әхлі сунна уәл-жамаға” да бұл іс-әрекетті жоққа шығармайды.

Асылтай Тасболат
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Діни экстремизм мен терроризмді болдырмауда үгіт-насихат қаншалықты тиімді?

Кез келген құбылысты немесе проблеманы болдырмауда әрекетсіздік деген бар. Әрекетсіз отырсаң, ештеңенің алдын ала алмайсың. Бұл проблеманы үгіт-насихат шешіп береді деп қарап отыруға да болмайды. Дәріс, үгіт-насихат – ауқымды іс-шаралардың бір бағыты ғана. Діни экстремизмнің өршіп кетуіне жұмыссыздық, діни сауатсыздық, күйсіздік, қаржылық жағдай сияқты әлеуметтік факторлар да әсер етеді. Қазір біздің қоғамда ірі індет тарап кетті. Ол – интернетте сүзгіленбеген ақпараттың емін-еркін таралуы. Мысалы, ДАИШ-қа адамдар әртүрлі жақтан, айдаладан барып қосылып жатыр ғой. Енді не істеу керек? Жастардың уақытын тиімді пайдалануына, бойындағы қабілеттерін ашатын әртүрлі өнер үйірмесіне баулып, жұмыспен қамту, білім алуына ерекше мән беру, діни экстремизм мен фанатизмге сыни пайыммен қарауға үйрету, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дінді насихаттаушы молда, имамдардың да білімін арттыруды күн тәртібіне қою керек.

“Саясатпен сен айналыспасың, саясат сенімен айналысады” деген бар. Дін де дәл солай. Сондықтан бастауыш деңгейде болса да ата-бабамыз ұстанған дін қандай болғанын, қазір тұрақтылыққа жеке адамның құқығын таптамайтын, агрессияға, фанатизмге шақырмайтын исламның формасы қандай деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек.

Қазақстандағы діни ахуалға қандай баға бересіз?

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатының эффектісі аз да болса бар екенін біздің осындай мәселені қозғап, жеке пікірімізді айта алуымыздың нәтижесі деп есептеймін. Бұл саладағы жұмыс кеш болса да қолға алынды. Елімізде дінтанушы мамандар дайындалып, дінге тарапсыз зерттеу жасайтын, әлеуметтану ғылымдарының инструменттерін қолданып дін құбылысына байсалды баға беретін, зерттеу жасайтын мамандар қалыптасып, қаншама университетте факультеттер ашылып жатыр, нәтижесі – қазіргі қоғамдағы тұрақтылықтың болуы және ғылымға ұмтылған жастардың көбеюі, дәстүрлі діни танымның негіздеріне қатысты зерттеулердің артуы. Ал 90-жылдары халық аузында Алласы, қолында Құраны бар кез келген адамның артынан ере беретін еді. Ал қазір олай емес. Халық көлденең көк аттыдан ілім үйрене берудің дұрыс емес екенін ұқты. Сондықтан осының бәрі мемлекеттің қарқынды жұмысының нәтижесі деп ойлаймын.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz