Halyk Bank зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 3 млрд теңге бөледі
Halyk Bank өз қаражатынан 3 млрд теңге бағыттайды. Бұл қаражатты шағын және микро бизнес секторындағы зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек ретінде, сондай-ақ қираған нысандарды тез арада қалпына келтіру және шұғыл шешімді талап ететін басқа да міндеттерге жұмсалады.
Бұған дейін Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова Atameken Business телеарнасында берген сұхбатында террористік шабуыл және жаппай тәртіпсіздіктің жойқын салдарын жеңуге көмектесуге дайын екенін айтқан болатын.
«Менің ойымша, қазіргі жағдайда бірлік керек. Кез келген қиындық, кез келген жауға қарсы тұруымыз қажет. Мен өз елімді өте жақсы көремін және әрбіріміз қолымыздан келгенше еліміздің еңсе көтеруіне көмек беріп, жақсылықтың жаршысы болуымыз қажет. Осы қиын-қыстау күндерде барлығы бейбіт өмірдің өте нәзік екенін және ең басты құндылығымыз — адам өмірі мен денсаулығы екенін сезіндік. Сондықтан, әрдайым еліміз тыныш, деніміз сау, үйімізден береке үзілмесін», — деп атап өтті Үміт Шаяхметова.