Халқына жарқын болашақ сыйлаған қайраткер
Мемлекеттер басшылары өздерінің сөйлеген сөздерінде барлық салада дерлік бауырластығымыз бен ынтымақтастығымызды дамытып, жетілдіру туралы әртүрлі ұсыныстарын айтып жатты. Сөз кезегі Нұрсұлтан Назарбаевқа келгенде ол: «Бауырларым! Осында жиналғандардың барлығы біздің туыс халықтар екенімізді айтуда. Бұл өте орынды. Алайда, біздің балаларымыз, өскелең ұрпағымыз өздерінің бауырлас екенін біле ме? Жаңа буын жастарымыз бір-бірінің туыс, бауыр екенін білу үшін ортақ тарихымызды, ортақ әдебиетімізді және ортақ сөздіктерімізді жасап, жас ұрпаққа оқытуымыз керек. Тіпті ортақ әліпби қолдануға тиіспіз», деді. Бұл сөз баршаның көңілінен шығып, ду қол шапалақпен қошемет көрсетілді.
Н.Назарбаевтың жобасын жүзеге асыру баршамыздың міндетіміз еді. Бауырлас республикалардың академиктерін Анкараға шақырып, бір жарым жылға жуық уақыт бірге жұмыс істедік. Ортақ тарихымыз, әдебиетіміз бен тіліміз саласында қажетті істерді аяқтадық.
Жаңа қазақ мемлекетінің құрылып, қалыптасуына Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын барша жұрт жақсы біледі.
1989 жылы Қазақстан басшысы болып тағайындалған Назарбаев елдің Мәскеуден емес, Алматыдан басқарылуы керек екенін айтып, Қазақ елінің егемендік мәртебеге қол жеткізуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар ол Кеңес одағы құрамындағы республикалар арасындағы қатынастың да әділ жүргізілгенін қалады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тұжырымы өзге де кеңестік республикалардың үлкен қолдауына ие болды.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қазақ мәдениетінің дамуы мен кең құлаш жаюына барынша мүмкіндік жасаған көреген, дана басшы Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы қаулы қабылдап, қазақ тілін Қазақстанның мемлекеттік тілі деп жариялады.
Сонымен қатар ол тек тұрақтылық арқылы ғана демократияға қол жеткізуге болатынын жете түйсінді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мәселелер бойынша барынша сауатты саясат жүргізе отырып, әртүрлі түсініспеушіліктер мен келіспеушіліктердің алдын ала білді.
Қазақстан тәуелсіздігін нығайту мақсатында Н.Назарбаев табандылықпен елінің еркін нарықтық экономикаға өтуі үшін қажетті шешімдер мен нақты шаралар қабылдады. Бұл салада тиісті реформалар жүргізген Н.Назарбаев АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Англия және Түркия сияқты шетелдерге ресми сапармен барып, оларды Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның экономикалық еркіндікке қол жеткізуі жолында үлкен қызметтер атқарды.
Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдардың басында елі үшін басын бәйгеге тігіп, үлкен табандылық танытып, батыл қадамдар жасады. Мысалы, қазақ халқының өміріне зор қасірет әкеліп, қатер төндірген Кеңестік ядролық жарылыс аймағы болған Семей полигонын өзі қабылдатқан қаулысы арқылы жаптырды.
Қазақстан Республикасы көршілерімен тату мәмілеге келе отырып, арадағы шекараның мызғымайтынын білдіретін келісімшартқа қол қойып, бұл мәселені де ресми түрде шешті. Шекара мәселесін осылайша түбегейлі шешу – Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқы алдындағы ең үлкен еңбектерінің бірі.
Негізін Нұрсұлтан Назарбаев қалаған тәуелсіз Қазақстан Республикасы «қазақтардың оянуы» ретінде тарих беттеріне алтын әріптермен жазылып, ғасыр басында «Оян, қазақ!» деп ұрандаған Міржақып Дулатұлы сынды Алаш қайраткерлерінің рухын шаттандырғаны ақиқат.
Тағы бір айтулы еңбегі – Қазақстанның қаржы-экономикалық саладағы тәуелсіздігін дер кезінде, әрі сауатты түрде қамтамасыз етуі. Осылайша экономикалық реформаны жүзеге асыру жолында маңызды қадам жасалып, 1993 жылы қарашада нарыққа жаңа қазақ ақшасы – теңге енгізілді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың экономиканы тұрақтандыру жөнінде қолданған шаралары әлемдік қауымдастықтың назарынан тыс қалған жоқ. Оған деген сенімнің нәтижесінде Қазақстанға шетелдік инвестиция ағыла бастады. Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры және Шығыс пен Батыстың дамыған елдері Қазақстанға инвестиция салуға тілек білдіре бастады. Елбасының дер кезінде тиімді шешім қабылдауының нәтижесінде жас мемлекет тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кез болған қиыншылықтарды тез жеңе білді.
Қазақстан Президенті қаржы саласында терең реформалар жүргізіп, оны жаңа белеске көтерді, шағын және орта кәсіпкерліктеріне қолдау көрсетіп, Қазақстанның өнеркәсібі мен өндірісін дамытты.
Міне, жоғарыда айтылған жайттардың барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мемлекет құрып, туған халқына жарқын болашақ сыйлаған көрнекті қайраткер екенін айғақтайды.
Мехмет САРАЙ,
Түркиядағы Байкент университетінің профессоры