Халқымыздың жеті қыры — алдағы тарихтың жеті тарауы

0

Жиынды ашқан университетінің оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Бақытхан Әбдікәрімов Елбасы мақаласындағы тараулар бойынша өз пайымдауларын таратты.

Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің ұлттық тарихын жазудағы жұмыстардың жемісі екендігін айтты.

— Бұл халқымыздың 7 қыры – алда жазылатын тарихтың 7 үлкен тарауы. Себебі, мұнда көне замандар, қола дәуіріндегі металлургия саласы, сақтардың дала көшпенділерінің аңдық стилі, түркілердің империясы туралы, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар туралы айтылады. Бұл біздің бүгінгі тарихты қарай отырып, көне тарихтан сабақ алу болып табылады. Елбасы бұл мақаласы арқылы қай бағытта қалыптасу керектігін көрсетіп берді, -деді ол.

Жиында университеттің философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Оңғар Бермаханов «Архив-2025» бағдарламасына қатысты пікірін айтып, қолдау білдірді.

Мақаланың беташарында Елбасы бүгінгі көптеген мемлекеттердің өз жерінде болған өркениет игіліктерінің иесі екендігін таратып айтқан. Яғни, қазақ атауын кейінірек алса да бүгінгі ұланғайыр даламызда өткен оқиғалар халқымыздың уақыт сарғатқан парақтары, өз тарихы.

Осы жағын баса айтқан ғалымдар Мемлекет Басшысы көтерген мәселелерді іске асыруға атсалысатындықтарын айтты.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы