Халал емес — адал, никах емес — неке: Жанар Байсемізова араб сөздерін қолданып жүргендерге сын айтты
Журналист, тележүргізуші Жанар Байсемізова тілімізді араб тілімен шұбарламай таза қазақ тілінде сөйлеуді ұсынды. Бұл ретте араб тілінде қолданылып жүрген сөздердің қазақша дұрыс нұсқасын жазып көрсетті.
«Менің курстасым бар, журфакта бірге оқыдық. Ол журфак пен қоса юрфакта оқыды. Білмейтіні жоқ. Очки тағатын. Оны атымен атамайтынбыз. Ол професссор болатын. Қазір мықты заңгер. Назарларыңызға сол профессор Ерболат Қошқарбаевтың жазбасын ұсынамын. Келісесіз бе, келіспейсіз бе, пікір қалдыра кетіңіз. Оқырмандарымның көзқарасын білгім келеді осы мәселеге қатысты.
Халал емес Адал!
Харам емес Арам!
Жұмъа емес Жұма!
Никах емес Неке!
Минбар емес Мінбер!
Баракаллаһ емес Бәрекелді!
Аллаһ емес АЛЛА!
Альхамдуллилаһ емес — Құдайға шүкір немесе Әлхамдулла!
Иншаллаһ емес — Құдай қаласа, Құдай бұйыртса, Алла нәсіп етсе.
Ал Аллаһ — тек Оллахи, Иллахи нұсқасында айтылғанда ғана ҚАЗАҚША шығады. Оллахи шыным осы. Осылай, сихр емес сиқыр, нафс емес нәпсі деп тізбелей беруіме болады.
Мұсылман бауырлар орысшадан енді құтылып келе жатқанымызда, арабшаларыңды тықпаламай қоя тұрыңдаршы. Құран, намаз оқығанда сөз жоқ арабша оқиық, сөздерді құранда жазылғандай қолданайық! Хұтба, такбир, тахрима, һидаят, рүкін, хузур, иффа, хилм, зуһд, куфр, Ъайн дейсіңдер ме, әлде кифая, фарыз, бұлуғ, ақида, мұстахап,мубах, муфсид дейсіңдер ме қалай һыһылдасаңдар да еріктерің. Бірақ араби емес адами қарым қатынаста, өмірде ол сөздерді қазақы мақаммен, қазақы әуезбен қолданыңыздар.
Тілімізді «былғауға» сендерге ешкім құқық берген жоқ. Қазақы тамырдан арылып қалмаңдар. Құдай Жар болсын бәріңе!», — деп жазды Жанар Байсемізова.
Желі қолданушылары жаппай қазақша нұсқасын жөн деп тапты.
«Өте дұрыс мен қосыламын», «Қолдаймын!!! Дұрыс айтады», «Ия, расымен де солай ғой, Жәке, толықтай қосыламын», «Дұрыс айтады, мен қазақшасын айтамын», «Керемет! Қос қолдап келісіп жүрмін!», «Өте орынды! Осылай сөйлейтіндер өздерін бір кереметпіз деп сезінетін сияқты».
«Құран арабша түссе де, мағынасын тек қазақ тілінде қабылдаймын. Осы маған жаныма жақын, арабшасы түрпідей тиіп жатады. Қазір коуч-психолог қыздарымыз арабша сөздермен сананы улап жатыр, соларға ескерту жасап қойыңыз», «Тағы сухур дейді қазір — ол сәресі, ифтар деп ауыз ашар. Жеке өзіме ұнамайды олай айтқан», деп жазды желідегілер.
«Мысалы мен кішкентайымнан Астапыралла деп естідім, сөйтсек ол Астағфируллаһ екен», деді тележүргізуші.