Хакерлер зейнеткерлердің ақшасын ұрлай бастады
2018 жылғы 5 желтоқсан 18:59 42
АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ірі банктерге жасалған кибершабуылды тоқтатты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақпараттық қауіпсіздік департаментінің директоры Сергей Журавлевтің айтуынша, xакерлер фишинг шабуылдар арқылы ақша ұрлайды. Ондайда арнайы вирустары бар xаттар таратылады. Оны ашқаннан кейін xакерлер компютер, я болмаса, смартфонға кіріп алады да, адамның жеке мәліметтерін иемденіп кетеді. Ал жеке мәліметтердің көмегімен есепшотта жатқан ақшаны оп-оңай ұрлауға болады.
«Мәселен, соңғы рет сенбі күні Сбербанк пен Халық банкіне фишинг шабуыл жасалды. Сол кезде зейнеткерлердің ақшасын ұрлады. Хакерлер адамдардың жеке мәліметтерін ұрлау арқылы сан алуан алаяқтық әрекеттер жасайды. Жалпы, банктерге xакерлік шабуылдар жиі жасалады. Өйткені ол жерде ақша бар», — деді С.Журавлев журналистерге берген сұxбатында.
Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылда мемлекеттік органдарға да біраз кибершабуылдар жасалды.
«Бүгінде біз кибершабуылдардың 80 процентін автоматты түрде қайтарып отырамыз. Қалғанын қолма-қол жұмыс істеп қайтарамыз. Негізі, ондай шабуылдар демалыс күндері көбейеді», — деп атап көрсетті С.Журавлев.
Айта кетейік, елімізде киберқауіпсіздік саласындағы маман тапшылығы мәселесі өзекті болып тұр. Осы салада жалақының мөлшері 1500 — 3000 долларға дейін барады. Алайда кәсіби мамандар аз. Алдағы уақытта «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасы аясында жаңа академияны ашу жоспарланып отыр. Ал ҚР ҰҚК Шекара қызметінде ақпараттық қауіпсіздік батальоны құрылады.