Хабибпен төбелесуге дайын үш қарсыластың есімі анықталды
UFC промоушнның президенті Дана Уайт ресейлік чемпион Хабиб Нұрмагомедовтың қарсыласы атануға дайын үш үміткердің есімдерін жариялады.
Хабиб соңғы рет октагонға 6 қазан күні шығып, ирландиялық Конор МакГрегорды жеңіп кеткен болатын. Бірақ жекпе-жектің соңы төбелеске ұласып, Хабибтің UFC ұйымынан кетуі туралы әңгіме туындаған. Тіпті Конор мен оның командасының да жазаланатыны жайлы жазылған. Алайда екі тарап та нақты айыптауға ұшырап, жазаға ілікпеді. Дегенмен қос спортшы арасындағы реванш әзір бола қоймайтын секілді.
«МакГрегор мен Хабибтің жекпе-жегі нағыз рекорд орнатты. Хабиб айқын жеңді. Енді ол америкалық Тони Фергюсон және Дастин Пуарьемен төбелесе алады. Сондай-ақ Конормен өткізетін реваншты да есептен шығара алмаймыз» дейді Дана Уайт.
Хабиб пен Конордың төбелесінен туындаған дауды Невада атлетикалық комиссиясы әлі қарастырып жатыр. Бұл іс бойынша тыңдалымның екінші бөлімі 10 желтоқсанда өтеді. Сол жерде нақты айып тағылып, жаза тағайындалуы мүмкін.
Абай Аймағамбет