Ғылым деңгейі неге төмен?
Кейбір статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда 1991 жылы ғылыми-зерттеулермен шұғылданатындар саны 42 мың адам болса, 2014-2015 жылдары бұл көрсеткіш 19 мың адамға дейін төмендеді.
Ал қазіргі статистикалық деректер «Қазақстанда 8000 ғылыммен шұғылданатын адам бар» дейді, оның 1000-ы – жас буын өкілдері. Дүние жүзінде әрбір 1000 адамның біреуі ғалым, ал Қазақстанда 2500-дің біреуі ғана ғалым. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Әрине ғалымның саны ғылым сапасының негізгі көрсеткіші емес. Ғалымның деңгейі мен оның ғылыми жұмыстарының нәтижесі дүниежүзілік атақты журналдарға шыққан мақалаларымен, сол мақалаларға басқа ғалымдардың сілтеме жасау санымен бағаланады.
Маңызды мәселе – ғылымның пайдасы, басқаша айтқанда оның халыққа, елімізге, шаруашылығымызға әкелетін пайдалы әсері, яғни, енгізетін жағымды жаңалығы. Бұл жөнінде біз әлемде 61-орындамыз, патент алу бойынша біздегі көрсеткіш дүниежүзілік деңгейден 24 есе төмен.
Екінші жағынан ғылым – бизнес емес. Мәселен, өзіңізге ұнаған ғылыми-зерттеу институтына ақшаңызды бере салып, крандағы сумен жүретін автокөлік ала алмайсыз.
Ғылымнан жаңа әрі жақсы нәтиже алу үшін зерттеушілер қатары көп болуы керек. Сонда бәсекелестік артып, көптің біреуі зерттеуге қызыға кіріссе, алдына қойған мақсатына жету кезінде ғылымда жаңалық жасалуының ықтималдығы артады. Демек, санның сапаға айналуы үшін ғалымдар саны арта түсуі тиіс. Ғылымда «көп ақша беремін, 2-3 жылда жаңалық аш» деп кесімді түрде айтуға болмайды. Беретін өнімділігі өте төмен, қаражаты жетімсіз, қатары тым сирек ғалымдармен ғылымды дамыту мүмкін емес, керісінше, оны құрдымға жіберіп алуымыз бек мүмкін.
Өркениетті елдерде ғалымдар ең жоғарғы зияткерлік топ саналады. Оларға ерекше құрмет көрсетіледі. Сонымен бірге ғалымның еңбегі де жоғары бағаланады. Жалпы, мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы оның ІЖӨ-нің ғылымды дамытуға бөлінетін қаражатының пайыздық деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қаражат бөлетін Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия 2,5%. Ал Ресейде – 1,25% болса, Қазақстанда бар болғаны 0,2%, кейде одан да аз бөліп келеді.
Қазіргі кезде ғылыми қызметкерлердің жалақы мөлшері өте төмен. Ғылымның дәрежесін көтеріп, жастарды ғылымға тарту үшін ғалымның айлық жалақысын анағұрлым көбейту керек.
Басқалармен салыстырмалы түрде сараптасақ, біздегі ғылымның дамуына жұмсалатын қаржы оның дамуына емес, жойылуына бағытталған секілді көрінеді. Халықаралық академиялық кеңестің ұйғарымы бойынша мемлекеттің ғылым саласына бөлетін қаржысы ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан артық болса ғана ғылым дамиды екен. Осыған қарап-ақ, біздің жағдайымыздың қандай екенін бағамдай беріңіз.
Қазіргі уақытта әлемдегі экономикалық тұрғыда дамыған елдердің аса маңызды бәсекелестік артықшылығы – білім, ғылым және жаңа технологиялар. Сондықтан елімізде де ғылым дамуының жаңа деңгейіне түбегейлі шығуы қажет. Бұл үшін еліміз жоғарғы мемлекеттік деңгейде ғылыми-технологиялық дамуы стратегиясын (ҒТДС) жасауы керек. Бұл маңызды құжаттың жобасын ғалымдар, ғылыми мекемелер, инженерлер, технологтар және ғылым жанашырларының қатысуымен егжей-тегжейлі кеңінен талқылағаннан кейін Президент бекітіп, қабылдауы қажет. Осындай ҒТДС әлемнің дамыған елдерінің (АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа елдері және т.б.) бәрінде қабылданған. Оны қабылдаған елдердің ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясы өзінің маңыздылығы жағынан мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясымен бір деңгейде тұрады. Әлі күнге дейін Қазақстан Республикасының ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясы әзірленбеген және қабылданбаған. ҒТДС қабылдау қажеттілігі Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруін қамтамасыз ететін көптеген бағдарламалық құжаттармен негізделеді.
Ресей елі мұндай маңызды құжатты кеңінен талқылап, 2016 жылдың желтоқсан айында қабылдаған. Оларда ҒТДС қабылдаудың маңыздылығы динамикалық және үдемелі ғылыми-технологиялық даму қажеттілігінің іргелі себептеріне ғана емес, сонымен қатар оның экономикалық дамуына елеулі әсер ететін санкциялардың күшеюіне байланысты да негізделген.
Қазақстанның ҒТДС әзірлеген кезде, басқа мемлекеттердің тәжірибесін ескергеніміз жөн және қазақстандық ірі ғылыми-зерттеу институттары, зертханалары мен университеттердің жетекші ғалымдары осы маңызды стратегиялық құжатты талқылауға қатысып, әлемнің дамыған елдерінің ғылыми стратегияларының нұсқаларымен салыстырмалы түрде талдау жүргізуі тиіс.
Біздің мемлекет ғылым кандидаттары мен ғылым докторларының саны жөнінен алдыңғы орында, ал ғылыми нәтижелерден соңғы орындарда орналасқан. Оның себебі, ғылымда кездейсоқ атағы бар, алайда ғылымға тікелей қатысы жоқ адамдардың қатары көбейіп кеткен. Бірде-бір ғылыми мақала жазбаған ғылыми атақтары бар бәзбіреулер депутат болып, шенеуніктің шекпенін киіп, ел билеп отыр. Мұндай жалған ғалымдармен елімізде ғылымның дамымайтыны бесенеден белгілі.
Қазақстанда кейінгі уақытта инновациялық қор, технологиялық парк дегендерді көптеп ашып жатырмыз. Олар қандай жұмыстар істеп жатыр? Қандай жобаларды іске асырады? Оның ашылғанын құптауға болады, бірақ жұмысынан мемлекетке еш пайда келіп жатқан жоқ. Бұл – басы ашық ақиқат.
Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша 2020 жылы ғылымға бөлінетін қаражат ІЖӨ-нің 2 пайызы, ал 2050 жылға қарай 3 пайыз болмақ. Бұл – болашақтың жоспары.
Дәл қазіргі уақытта ел экономикасы тұрақты өсу үстінде болса да, ғылымға бөлінетін қаржы көлемі ІЖӨ-нің 0,20-0,16 пайызынан аспай тұр. Сол себепті, Қазақстан ғылымының жағдайы мәз емес. Ғылыми мекемелер қазіргі заманғы күрделі қондырғыларды сатып алуға қауқарсыз, мемлекеттік және академиялық бағдарламалармен жобаларды жоғары деңгейде қолдана алмайды, халықаралық қатынастарды дамыта алмайды, жалақы өте аз болғандықтан талантты жастарды ғылымға тартуға шамасы жоқ. Сондықтан кейінгі жылдары Қазақстаннан дарынды жастардың шетелге кетуі белсенді қалыпты иеленіп отыр. Онымен бірге қоғамға дендеп енген «сыбайлас жемқорлық» деген ауру ғылымды да айналып өтпеді. Соның салдарынан ғылымға бөлінетін аз қаражаттың ғылым гранттарына үлестірілуі дау туғызып, ғалымдардың көңіліне сенімсіздік ұялатуда.
Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекқызының айтуынша, былтыр «Агроөндіріс комплексі түрлерінің дамуы және ауыл шаруашылығының қауіпсіздігі» бағыты бойынша конкурстың екінші кезеңіндегі қаражатты бөлуде өрескел қателіктерге жол беріліп, әділетсіздіктер орын алған. Ұлттық ғылыми кеңес бірінші кезеңде 16-19 балл алған жұмыстарды өткізіп, 30-дан артық балл жинаған зерттеулерді өткізбеген. Жетекшісі ҰҒК мүшесі болған бір жұмыс 20 балл алса да қаржыландыру тізіміне өткен, ал 30-дан артық балы барлардың жұмысы өтпеген. Бұдан артық әділетсіздік бола ма?! Келесі мысал: «Ғарыштық зерттеулер және технологиялар ұлттық орталығы» президентінің кеңесшісі Александр Губергтің айтуы бойынша, «Ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар» бағытындағы конкурста мемлекеттік сараптамадан (экспертиза) өткенде жоғары балл алған жұмыстар өтпей, керісінше, төменгі деңгейлі балл алған тақырыптар өтіп кеткен. Мемлекеттік сараптамадан жоғары балл алған «Қазкосмос», Фесенков атындағы астрофизикалық институты, Ионосфера институты, Ғарыштық техника және телекоммуникациялар институттарының жұмыстары кейін қайтарылып, болмашы балл алған басқа жұмыстар қаржыландырылған.
Парламент Мәжілісінің 2015 жылдың қазан айындағы отырысында қозғалған депутаттық сауалнамада 2015-2017 жылдардағы ғылыми-зерттеулерге бөлінген қаржыландырудағы кемшіліктер туралы айтылғандар Есеп комитеті тексергенде анықталғаны белгілі болды. 10 миллиард теңгенің еш пайдасыз шығындалғаны анықталды. Сол жұмыстардың 41-інің жетекшілері ҰҒК мүшелері екен.
Жалпы, Елбасының бастамасымен ғылымды басқарудың жаңа моделі 2011 жылы енгізілген болатын. Қазақстанда ғылымды дамытудың басым бағыттары анықталған, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама (экспертиза) жүйесі құрылған, қаржыландырудың жаңа жүйесі қабылданған.
Шындығында, Үкімет қаржысының әділетті бөлінбеуі бір басқа, сол қаражаттың мерзімінде игерілмей қалғаны тіпті таңғаларлық. Соңғы жылдары 15 ғылыми-зерттеу зертханалары ашылды, оны дамыту үшін қымбат қондырғылар алынды. Солардың біразы толық жұмыс істемей, ғылымға ешқандай үлес қоспай, музейдегі жәдігер секілді тұрғандары да бар.
Мысалы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымы екі рет негіздеме жазып, ЯМР деген қондырғыны сатып алуға сұраныс беріп еді. ҚарМУ-де онымен жұмыс істейтін профессорлар тобы бар, алайда, қажетті сұраныс ескерілмей қалды. Қазір ол қондырғы басқа бір университетте экспонат ретінде тұр. Себебі қондырғымен істеуге машықтанған маман-ғалым жоқ.
Ашылған зертханалардың бесеуі «ұлттық» деген мәртебені иеленген, яғни еліміздің кез келген ғалымы еркін барып, өзінің зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіншілігі болуы керек еді.
Бұл зертханаларды осынша қаражатпен ашу Елбасымыздың мемлекет қажеттілігінен туындайтын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ішкі мүмкіндіктерді игеруге негізделген, нәтижелері қоғамдық сұранысқа ие болатын ғылым бағыттарын үнемі дамыту мақсатымен негізделген еді. Ол зертханаларды 8 миллиард теңгеге сатылып алынған құралдармен, аспаптармен, қондырғылармен жабдықтады.
Тәуелсіздік алғаннан бері қазақтың талай дарындары қолдау таппай қыр асып кетті. Мысалы, Қуат Есенов АҚШ-тың Массачусетс технологиялар институтының ғылыми қызметкері, Калифорниядағы Oracle Corporation компаниясының иесі Нұртас Мәкімов, Жапонияның Нагасаки Ұлттық медицина орталығының дәрігер-генотомы Қаһарман Еменбетов, Уалбай Өмірбаев солардың қатарында. Физика-математика ғылымдарының докторы, АҚШ-тағы университет профессоры, біз бағалаусыз қалдырған бактериологиялық қарудың авторы Бақытжан Әлімбековті америкалықтар алақанына салып отыр. Осылайша тізе берсек, шетел асқан қазақ ғалымдары жетерлік. Егер тұрмыстық жағдай жасаса, солардың көбі елге қайтып келер еді, қазақ ғылымы түбегейлі даму жолына бағыт алар еді.
Қазір дүние жүзі бойынша ғылым саласында қатаң бәсекелестік орнады. Жалпы, бір мемлекет қанша мықты болса да ғылым мен технологияның барлық бағыты бойынша әлемде жетекші орынға ие бола алмайды. Бір сала бойынша басым болғанымен, ғылымның басқа бағыттарында әлсіз болуы мүмкін. Соған байланысты дарынды ғалымдар, әсіресе талантты жастарға ашық түрде талас жүріп жатыр.
Қазақстанда ғалымдар мен олардың ғылыми-зерттеу жұмыстары арасында бәсекелестік жоқ. Бір салада мықты бір маман болса, оның жұмысын сындарлы түрде сараптап, талдау жасайтын ғалым табылмайды.
Сондықтан отандық ғалымдар, ғылым мен жоғары технологиялар міндетті түрде әлемдік ғылым мен технологияларға бірігуі тиіс. Қазақстандық ғалымдар ғылым мен жоғары технологиялардың басым бағыттары бойынша халықаралық ұйымдарға, лабораториялық зерттеулерге қатысқаны дұрыс. Бұл белгілі бір ғылым мен жоғары технологиялар саласындағы жетістіктерді әлемдік даму деңгейімен салыстыруға және кешеуілдеп қалып қоймауға талпыныс жасауға, сондай-ақ оның алдыңғы қатарында болуға дәнекерлік етеді.
Елбасымыз ғалымдардың алдына отандық ғылыми-ақпараттық өрісті дамыту және әлемдік ғылыми ақпараттық кеңістікке кіру жөнінде нақты міндет қойды. Осы міндетті іске асырудағы негізгі құралдардың бірегейі отандық және шетелдік авторлар зерттеулерінің маңызды бағыттарының тақырыптарын көрсететін, жұмыстарын жариялайтын ғылыми журналдар шығару.
Осыған сәйкес 2017 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазақстанның «Физика-техникалық қоғамы» «Физика және функционалдық материалдар» («Eurasian Journal of Physics and Functional materials») Еуразиялық журналын шығара бастады. Қазіргі таңда бұл журнал Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, АҚШ, Франция, Жапония, Англия, Финляндия, Қытай, Италия және т.б. елдерді қамтып, әлемнің түрлі аймақтарының танымал ғалымдарынан құралған беделді халықаралық редакциялық алқаны қалыптастырды.
Журналда жарияланатын мақалалар авторларының 50%-дан астамы – шетелдік ғалымдар. Мұқият сараптамадан өтетін ғылыми мақалалардың сапасына ерекше назар аударылады. Мысалы, журналдың бірінші нөмірінің бірінші мақаласы (№1, Т.1, 2018) Д.И. Менделеевтің мерзімді кестесінде жаңа элементтерді (Z=113-118) ашуға арналған. Журналдың бас редакторы – профессор Қ.А.Кутербеков.
Темірғали КӨКЕТАЙ,
ҚарМУ-дың техникалық физика және экология мәселелері жөніндегі ҒЗИ директоры,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор
ҚАРАҒАНДЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/