Гүлзира Айдарбекова: Келіндерімді мен емес, сіздер тәрбиеледіңіздер, халқым!

0
88
фото 365info.kz сайтынан алынды

Тойдан кейін ерекше әсерде жүрген Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желіде жүрекжарды жазбасын қалдырды.

«Ең кіші ұлымыздың үйленуі тек бізге емес, бүкіл Қазақ еліне жыр болған сияқты. Көп тілегі көл деген, тілектеріңізді де Алла қабыл етіп, өзімнен аумай қалған үш келініммен суреттерімізбен бөлісіп қояйын. Айттым ғой сіздерге, ең бастысы 4 көзіміз түгел амандықта болсақ, қалғаны ақылмен бола береді деп. Бізбен бірге қуанышымызға ортақ болып, телефонға үңіліп, тілеуімізді тілеп отырған барша Қазақ еліне алғысым шексіз! Сіздердің де отбасыларыңызда дүбірлеген той болсын!

Мұның бәрі бір Қайраттарыңыздың жиған абыройы. Титтей кезінен көз алдарыңызда ел аралап, махаббаттарыңызға бөленіп, қолдап-қорғап, сүрінсе демеп, қуанса бірге қуанып келгендеріңізге міне 15 жыл болды. Осы ниеттеріңізге разылығын жеткізу үшін кейде Қайрат, халыққа не жақсылық жасасам екен деп соңғы кезде көп ойланатын болып жүр. Қайраттарыңыз болмаса біздің отбасымызды танымаушы да едіңіздер, оның ата-анасы біздерден бастап, бауыр-келіндері, бала-шағалары, араласатын жақындарымыз, құда-құдағиларымыз бәрін қадағалап, өз ұлдарыңыздай көзден таса етпей отырасыздар.

Үш келініме мен емес халық ене сияқты ше. Сырттарынан мінін түзеп, аяғын қисық баспауы үшін сын айтып, кейде қуаныштарына бірге қуанып дұға тілеп. Міне халықтың баласы деген осы шығар. Кейде ұрысып біреулер қызыл кеңірдек болып жатса ашуланамын да, артынан күліп аламын, бұған да шүкір.

Кейде келіндеріме айтамын, қаттырақ ұрыссам керісінше мені жақсы көріңдер, көшедегі басқа бір келін болса басымды қатырмаушы едім “Өзіңдікі өзегінен тепсең де кетпейді” дегендей, бұл деген менің өзімнің адамым деген сеніммен менің ұрпағымның жалғастырушысы болғандықтан, қаттырақ айтқаным деп қабылдаңдар деп. Өзім күнделікті ұрыспайды да екенмін, жылына 1-2 мәрте қаттырақ айтып тастауым мүмкін, шектен шығып бара жатса ғана.

Нүрекең жүр, сен мені хит емес ит қылдың, емін-еркін бір жерде отыра да алмай қалдық деп, не деген бітпейтін өсек-аяң деп. Толыққанды бір отбасының, яғни Қайрат ұлдарыңыздың қаймағы бұзылмаған жанұя болуына себепкер болып жүрген сіздерге аналық жүрегіммен алғысымды айтамын. Сіздердің мына өмірде бар екендеріңізге Аллаға сансыз шүкір өз қазағым, өз жұртым. Алла ниеттеріңізге қарап сіздерді де сүйіншілесін!», — деп жазба қалдырды Гүлзира Үсенқызы.