Гүлзат Мамытбек: Планетаны қазақ-қырғыз бірге көтеруіміз керек — Қазақстан жаңалықтары
Танымал мотиватор, оратор, қырғыз елінің демі Гүлзат Мамытбекті танымайтын адам кем де кем. Әлеуметтік желіде «тұр, тұра ғой, қырғызым» деген сөзімен танылған оның қазіргі арманы тек Қырғызстанды ғана көтеру емес. Сонымен қатар, бүкіл әлемді жақсылыққа бет бұрғызу. Қазіргі қазақ пен қырғыз бауырлардың қарым-қатынасы туралы және жеке өмірі туралы да Stan.kz ақпараттық агенттігіне ашық сұхбат берді.
Қырғызстандағы Жалабат облысы Алабұқа ауылында туғанмын. Мен бала күнімнен тынымсыз болдым. Мектеп оқып жүрген кезімде оқушылардың президенті болдым. Әлсіздердің құқығын қорғау үшін, тіпті, мектеп меңгерушілерімен де сөзге келіп қалатынмын. Бұл қылығым үшін мені ешкім мектептен қуған жоқ. Себебі, әділдік мен жақта болды. Кішкентай күнімнен лидерлік қасиетімді жаншып, баспай тәрбиелеген ата-анама, мектебіме ризамын. Отбасымызда бес бала балсақ та, барлығы мені тыңдап, мәселе бола қалса менен көмек сұрайтын. Мен адамдардың ортасында болғанды, араласқанды жақсы көремін. Тек Қызғызстанға ғана емес бүкіл планетаға пайдалы екенімді сезетінмін. Бала күнгі менің досым телевизор болды. Ауылда өскен қызға бүкіл әлемді таныстырған, көрсеткен сол көкжәшік.
Сіздің алғашқы некеңіз сәтсіз аяқталғанын білеміз. Одан соң шет ел азаматының етегінен ұстадыңыз. Бұған ата-анаңыздың реакциясы қандай болды?
Мектеп бітірген соң ұлттық университеттің журналистика факультетін қызыл дипломға бітірдім. Оқып жүріп аула сыпырушы да болдым, жарнамалық агенттікте де істедім. Жалпы тыным таппадым, тыныштық іздемедім. Одан соңғы үш жыл ішінде «Hi Time» ағылшын тілі мектебін аштым. Ешқандай демеушілерсіз. Содан отбасым мен үшін қатты алаңдады. Жасың 27-ге келді, отырып қаласың, тезірек күйеуге ти деп мені ауылдың бір жігітімен таныстырды. Басында оны жақтырмай тигім келмеп еді. Анам айтты: бізді де ауылдан қалаға көшіріп алып келдің ғой, күйеуіңді де солай көтересің деді. Содан жеті жылдай бірге тұрдық. Үш баламыз болды. Бірақ ақыр соңында оның надандылығына шыдай аладым, өлгім келді.
Бір күні Кариб аралдарына баруға бір бизнесменге аудармашы керек екен. Содан бұл менің мүмкіндігім екенін біліп қолымдағы жеті айлық баланы анама тастап, өзім кетіп қалдым. Осы жерден менің жаңа өмірім басталды. Келген соң ажырасуға шешім қабылдадым. Ешкімді де тыңдаған жоқпын.
Қазіргі жарыммен некемізді қиғанбыз. Ол мен үшін барлық жұмысын тастап, Қызғызстанға ұшып келді. Ол өте жақсы адам. Мені қолдап отырады.
Шынымды айтсам, мен ата анамды тыңдамаймын. Осындай өмірлік шешім қабылдауға келгенде тек өзімді тыңдаймын. Менің өмірімді менен артық ешкім білмейді. Ол кісілер кеңес үкіметінің қыспағын әбден көрген, тар ойлайды.
Гүлзат Мамытбек пен Қазақстанды не байланыстырады?
Менің алғашқы балам Астанада дүниеге келді. Екі жылдан кейін екінші ұлымды Қарағандыда босандым. Мен Қазақстанды қатты жақсы көремін. Жақсы көргенім соншалық менің бауырымдай. Егізім. Алғаш ағылшын тілі мектептерімді осында ашып жатқанда өте көп қолдау болды. Жатсынбайтын дархан пейілді қазақ кеудемнен итерген жоқ.
Еліміздегі соңғы өзгерістерден хабардарсыз
Мен Нұрсұлтан Әбішұлын қатты жақсы көремін. Билік басында отырған отыз жылдың ішінде бейбітшілік пен тыныштық орнатты. Барлық жағдай жасап қойған. Жұмыс істе де наныңды тауып жей бер. Астанада емшектегі қызымды емізіп тұрғанда Назарбаевтың телевизордан «егер сен ұл тәрбиелеп отырсаң, тұлға тәрбиелеп жатырсың. Ал егер қыз тәрбелеп отырсаң, бүкіл бір ұлтты тәрбиелеп отырсың», — дегені менің жүрегіме қатты әсер етті.
Астананың атауын өзгерткенін қазақ халқы негативті қабылдап жатқанын байқадым. Енді қараңыз, «нұр» — жарық, сәуле. Ал «сұлтан» дегеніміз шах, падиша. Астананың атауы «жарықтың билеушісі» болып өзгерсе, онда тұрған не бар екен? Бұл ғажап емес па? Менің жеке пікірім осындай. Дәл осы сөздерді әлеуметтік желіде жариялағанымда маған түрлі пікірлер келді. Тыңдамаймын ешқайсысын. Өз пікірімде қаламын.
Бұны жағымпадыздықпен шатастырып жатқандар бар. Бұған не дейсіз? Оның үстіне осындай видео жарияла деп сізге арнайы ұсыныс келген жоқ па?
Жоқ, мен ішкімге мәймөңкелемеймін. Жағымпазданбаймын да. Бұның барлығы жүректен шыққан сөздер. Оcындай саяси жағдайды естігенде бұл өзгеріске жан-жақты қарап көрдім. Ешқандай өрескелдік көрмедім. Жоғарыда айып өткендей мен Назарбаев мырзаның қатты сыйлаймын, құрметтеймін.
Алматыға келудегі мақсат?
Мен Қазақстанның ағылшынша сөйлегенін қалаймын. Қандас екі елдің ағылшынша сайрағаны — менің қазіргі қалауым. Мен ағылшын тілінің ең үздік мұғалімімін. Менің өзіндік методикаларым бар. Ағылшын тілін үйреніп алу өте оңай. Басқалар неге қиындататынын түсінбеймін, мүмкін, ақша көбірек тапқысы келетін болуы керек. Мен тіл үйретудің ең жеңіл методикасын білемін және соны үйретемін. Бұның бәрі не үшін десеңіз ағылшын тілі — әлемдік тіл. Тіл арқылы біз өз дәстүрімізді сәнге айналдырамыз. Себебі, қазақ-қызғыз өз дәстүрін Еуропаға дәріптеуге міндетті. Бұзылып бара жатқан Еуропаға тәрбиенің не екенін өз тілінде түсіндіруі керек. Біздің халқымыздың қанына сіңген үлкенге құрмет, кішіге ізет деген қасиеттер ол жақта жоқ. Орта Азияның тамаша философиясын көрсетуіміз керек.
Қырғыз қазақ бір туған дейміз. Бірақ қазіргі кезде екі ел арасында бауырмашылдыө пен жақындық сезілмейді. Не қазақ қырғызды бауыр тұтпайды, не қырғыз қазақты жақын тарпайды. Неге бұлай өзгеріп кетті?
Неге бұлай екі ел арасы қиындап кеткенін тарихтан оқып біліп жатырмын. Ленин өз уақытысында біздің арамызға өте көп іріткі салды. Кенесары хан бізге шабу үшін екі ел арасына от жақты. Біз біріксек, өте мықты ұлт екенімізді білді. Бұл тарихи дәлелденген факт. Ал қазір мен бұл тарихты өзгертемін. Назарбаев пен Атамбаевтың арасындағы жанжалдан кейін мен «қазақ бауырларымды сүйемін» деп үндеу жарияладым. Сол кезде олай айтпа президентті ашуландырып аласың дегенде мен көнген жоқпын. Расында мен қазақтарды сүйемін. Қандас бауырым ғой. Мен екі елді біріктіруім керек. Біз жауласпауымыз керек. Екі бір туған ел соғысып жатса, сұмдық қой. Сондықтан кеңпейілді қазағыма өз әнімді арнап жатырмын. «Қазағым, баурым» деген әнге бейнебаян түсіріп жатырымыз, жақында тұсаукесері болады.
Әңгімеміздің соңында сізден мынаны сұрағым келеді. Бүкіл планетаға мотивация, шабыт беруші көтерушімін деп айтып жүресіз. Ал өзіңізге кім мотивация береді?
Білім! Шабытты білімнен аламын. Әр күн сайын жаңа ақпарат алуым керек. Кітап көп оқимын. Білімсіз біз қараңғыда қаламыз. Біз білімді болуымыз, айналамыздан тек қана жақсылық көре алуымыз керек. Планетаны қазақ-қырғыз бірге көтеруіміз керек.
Автор: Жанна Мәлік
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz