Гүлнұр Мамасарипова: Декреттік демалыста да қарық қылып отырмаппын (фото)

0
48

Танымал отандық продюсер Гүлнұр Мамасарипова өмірінің тамаша кезеңіне тек еңбек етудің арқасында қол жеткізгенін айтты. Режиссер тіпті бала босанғаннан кейін де декреттік демалысқа шықпай, жұмыс істегенін Instagram парақшасында мәлімдеді, деп жазады Kznews.kz тілшісі.

«Шүкір, барыма ризамын. Алланың берген ризығына, маңдайыма жазған тағдырына, берген сынақтарына, ширатып алған шытырман шақтарына, алақанына салып өткізген өткелдеріне, қызғалдағын тергізген көк бөктеріне — бәріне тәубе. Өмірімнің өте бір тамаша кезеңінде тұрмын. Қаншама адамнан жақсы сөз естіп, тамаша пікірлер оқып жүрмін. 16 жасымнан еңбек етіп келеді екенмін. Ойлап тұрсам, декреттік демалыста да қарық қылып отырмаппын.

Бүгін Ғайникамалды дүниеге әкелгеннен соң екі айдан кейін эфирге шыққаным есіме түсті. Жаңалық жүргізіп отырғанымда сүтім ағып кетіп, режиссерден ұрыс естігенім есіме түсті. Пиджак ауыстыруға болмай, қағазбен жауып отырып, суфлерсіз эфирді аяқтағанмын. Сол күні «Несіне жұмыс жасайсың? Үйіңде отыр. Жұмыс істегің келсе, бала босанбауың керек еді» деп ұрысқан. Ал маған ол кезде эфир үшін төленетін ақша керек еді. Үш баласы бар жас отбасы үшін қосымша табыс керек еді. Содан кейін де бір күн отырмаппын. Алла еңбек еткен, талпынған, ерінбеген, ебін тапқан адамға ырызығын береді. Мен соған сенемін», — деді Гүлнұр Мамасарипова.