Гүлнара Каримованың Ұлыбританиядағы мүліктерінің тізімі жарияланды

0

Британдық The Times басылымы Гүлнара Каримованың Ұлыбританиядағы жылжымайтын мүліктерінің тізімін жариялады. Олар кәмпескеленуі мүмкін. Ұлыбританияның Ірі алаяқтықпен күрес бюросы (Serious Fraud Office) бастапқыда бұл ақпаратты Gazette басылымына берген.

Онда Каримоваға тиесілі делінген жалпы құны 40 миллион фунт (52 миллион доллар) болатын үш жылжымайтын мүлік көрсетілген: бірі — Суррей графтығында, екеуі Лондондағы ауқаттылар тұратын ауданда орналасқан.

  • Суррей графтығындағы Gorse Hill Manor сарайын Каримова 2010 жылы 18 миллион фунтқа (23,5 миллион фунт) сатып алған. Қазір 30 миллион фунт (39 миллион доллар) тұрады. 1912 жылғы салынған үйдің аумағында қайықпен серуендейтын көл мен шамамен 70 мың шаршы метрлік бау-бақша бар.
  • Лондондағы пәтерлердің бірі — Мэйфэр ауданында (8 миллион фунт немесе 10,4 миллион доллар тұрады), екіншісі Белгравия ауданында (2 миллион фунт немесе 2,6 миллион доллар) орналасқан.

8 қаңтарда Өзбекстанның жоғарғы сотының баспасөз қызметі Ташкентте Гүлнара Каримованың ісі бойынша жаңа сот басталғанын растаған, сот жабық өтіп жатыр. Гүлнара Каримованың швейцариялық адвокаты Грегуар Манжа және қызы Иман бұл сот жайлы 16 қыркүйекте хабарлаған және оған ешкімді кіргізбей жатқанына шағымданған еді.

Бұл жолы Каримова мен бірнеше адамға «қылмыстық қауымдастық құрып, бюджет ақшасын жымқырды, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды» деген айып тағылған.

2017 жылы елдің бірінші президенті Ислам Каримов көз жұмғаннан кейін оның үлкен қызы Гүлнара Каримова 10 жылға бас бостандығынан айрылған. Оған «салық төлеуден жалтарды», «ақша бопсалады» және «офшор компаниясының құжаттарын жойды» деген айыптар тағылды.

Оқи отырыңыз: Каримованың швейцариялық адвокатының Өзбекстанға кіруіне тыйым салынды

Azattyq