Гүлнара Каримованың түрмедегі жағдайы
Өзбекстанның Зәңгіата ауданында орналасқан жалғыз әйелдер колониясында (КИН-21) жазасын өтеп шыққан әйел елдің экс-президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға темір тордың ар жағында қандай жағдай жасалғанын айтты, — деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аноним әйелдің сөзінше, Гүлнара Каримова жазасын ортақ отрядта өтеп жүр.
«Оған ерекше ВИП жағдай жасалмаған. Бірақ төрт төсегі бар, оны көрпешемен қоршап алады. Жұмыс істемейді. Бір рет жұмысқа орналасып, шу шығарды. Бірақ түрмеге отырдың ба – ортақ режимді ұстаған дұрыс қой.
Ерекше жағдай жасалған тұстар да бар. Мысалы бәріміз бір материалдан жасалған киім кисек, ол ауа өтетін материалдан жасалған форма киюі мүмкін. Немесе қалғандарына тыйым салынса да бауы бар етік кие алады.
Кейде айналасына онша емес контингент адамдарын жинап алатын. Кейін басшылық Каримовамен араласуға тыйым салды. Оған вип сәлемдемелер көптеп келетін. Қарапайым асханадан тамақ ішпейді. Тек өзінің тамағын жейтін. Жеке араласпаппын», — дейді аноним әйел Alter Ego. Все про Узбекистан арнасына берген сұхбатында.
Оның сөзінше, кейде Каримова түрмедегілерден көмек сұрайтын.
«Көмектесіңдер, мен сыртқы әлеммен байланыса алмаймын» дегендей. Бәлкім жүйкесі жұқарып кеткен шығар. Кейбір адамдар оны кемсітіп, қорлайды деп естігенмін. Бірақ өзі соған жеткізеді екен.
Негізі оған жағдай жақсы жасалған, оны ешкім жазаламайды, жалпы қалаған нәрсесін ала алады. Оны қаншалық әділ жазалағанын білмеймін. Бірақ ақыры жазаңды өтеп жатырсың ба – басыңдағы тәжіңді шешіп, бәрімен бірдей болған дұрыс», — дейді аноним әйел.
Айта кетейік, Гүлнара — Ислам және Татьяна Каримовалардың үлкен қызы. 2017 жылы Өзбекстанның Бас прокуратурасы Каримова Ташкент облыстық соты ақша қаражатын ұрлағаны және бопсалағаны үшін 5 жылға бас бостандығын шектеген болатын.
Каримоваға бұл үкім 2015 жылы шығып қойған. Сондай-ақ, Каримова басқа қылмыстық іс бойынша — Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 168, 178, 182, 189, 228 және 243-баптары бойынша бөтеннің мүлкін иемденгені, оффшорлық шоттарға 1,942 миллиард доллар және 29,1 миллион еуро сомасына «откат» алу арқылы шетел валютасын жасырғаны, кеден заңнамасын бұзғаны және құжаттарды қолдан жасау және кірістерді заңдастыру бойынша қамауға алынған.
2017 жылдың 18 желтоқсанында тағы бір қылмыстық іс аясында оған он жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Гүлнара Каримова жазасын бірқатар шектеулерді сақтай отырып қызы Иманның тұрғылықты жерінде өтеуі керек еді. Каримоваға үйден шықпау, байланыс құралдары мен интернетті пайдаланбау деген секілді шарт қойылған.
Ол сондай-ақ мемлекетке келтірілген залалды өтеуге міндетті болды. Бірақ 2019 жылдың 6 наурызында жазасын өтеу шарттарын бұзғандықтан жалпы режим колониясына ауыстырылды.
Ташкент қалалық соты Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнараны қылмыстық қоғамдастық құру туралы іс бойынша 13 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы республика Жоғарғы сотының сайтында хабарланады.
Сот істің материалдарын зерттеп, Каримованы қылмыстық қоғамдастық ұйымдастыруға, бопсалауға, ұрлыққа қатысы бар деп тапты.
«Соттың үкімімен Гүлнар Каримоваға 13 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.
Елдің қылмыстық заңнамасының нормаларын ескере отырып, сондай-ақ бірнеше қылмыстар мен бұрын шығарылған үкімдер бойынша тағайындалған жазалар жиынтығына сәйкес сот Каримова үшін жаза мерзімі 2015 жылғы 21 тамыздан бастап есептелетінін анықтады.