Гүлнара Каримованың өз-өзіне қол жұмсағаны рас па? Бас прокуратураның жауабы
Бұған дейін қадағалау ведомствосы Каримованың жазаны өтеу шарттарын бұзғаннан кейін темір торға тоғытылғанын хабарлаған еді
АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова түрмеге түскеннен кейін суицид жасағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Өзбекстанның бас прокуратурасы хабарлады.
2017 жылдың желтоқсанында Каримова он жылға сотталды, ал 2018 жылдың шілдесінде жазасы жеңілдеп, бес жылға бас бостандығы шектелген болатын. Экс-президенттің қызы жазасын Ташкентте тұратын қызының үйінде өтеуі тиіс еді. Алайда 6 наурызда Бас прокуратура Каримованың жазаны өтеу шарттарын бұзғаннан кейін түрмеге ауыстырылғанын хабарлады. Келесі күні әлеуметтік желілерде Гүлнараның абақтыдағы адамдардың қорлығына шыдамай, өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады.
«Ешқандай да суицид жасаған жоқ және өз-өзіне қол жұмсауға оқталған жоқ. Гүлнара Каримова жазасын белгіленген тәртіпте өтеп жатыр. Бұл тек қоғамды шулатқан оқиғаның төңірегіндегі алып-қашпа әңшімелер ғана», — деп мәлімдеді РИА Новости-ге Өзбекстанның бас прокуратурасынан.
Тағы оқыңыз: «Бір мәселеміз бар еді, оны да Мирзиеев шешіп берді»: Өзбекстандағы қазақтардың өмірі
Гүлнара Каримова 2015 жылдың тамызында ақша бопсалағаны және салықты төлеуден жалтарғаны үшін сотталған болатын. Оның үстінен тағы бірқатар айып бойынша қылмыстық іс қозғалған. Президент Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін, 2016 жылдың қыркүйегінде БАҚ бетінде қызы Гүлнара көз жұмды деген мәлімет тарады, алайда бұл ақпарат расталмады. Женева адвокаты Грегуар Манжа оны сол жылдың желтоқсанында Ташкентте көргенін айтқан еді.
sputniknews.kz