Гүлнар Насырбекова: «Сенен раушан иісі аңқып тұр» деген хабарламам Бишімбаевқа арналмаған еді

0

Бүгінгі сот отырысында Салтанат Нүкенова өлім аузында жатқан кезде Қуандық Бишімбаевтың басқа әйелдермен хат алмасып отырғаны белгілі болды. Бұл туралы сайты Nege.kz жазды.

Салтанат Нүкенова қайтыс болған 9 қарашада Бишімбаевпен мейрамханада кездесіп, мекемені жарнамалауға келіскен блогер Гүлнар Насырбекова айыпталушыға хабарлама жіберген.

Гүлнар Насырбекованың Қуандық Бишімбаевқа жіберген хабарлама мәтінінде: «Айтпақшы, сенен раушан иісі аңқып тұр», – деп жазылған. 

Сотқа куәгерлік еткен Гүлнар Насырбекова аталмыш хабарламаны Бишімбаевқа жазбағанын, тек жіберу кезінде шатасып кеткенін мәлімдеді.

«Менің сол күні жолым болмады. Маған Бишімбаевтан қоңырау жіберіп алдыңыз деген хабарлама келді. Ал ол менің телефонымда «Қуандық» деп сақталған. Ал құдағиым Алена «құдағи» деп сақталып тұр. Біз мейрамханадан шыққаннан кейін құрбым Айгерім екеуміз торт және гүл алуға келдік. Соны суретке түсіріп алып, хабарлама жазып жібердім. Мен бүгін қатты таң қалдым. Мен оны құдағиым Аленаға жібердім, өйткені біз оған алған едік», — деді Насырбекова. 

Мемлекеттік айыптаушының Бишімбаевты «қайдан танисыз?» деген сұрағына, Гүлнар Насырбекова «Қуандық Бишімбаев екеуміз бір спорт және гольф клубына барамыз», деп жауап берді.

9 қарашада Бишімбаев оны BAU мейрамханасында кездесуге шақырып, жарнама бойынша серіктестікті талқылаған. Олар сағат 15.30-да кездесіп, кешкі 17.00-ге дейін отырған. Осы уақыт аралығында Қуандық Бишімбаев бірнеше рет сыртқа шығып келген. Кездесуден кейін Насырбекова құдағиының туған күніне бармақшы болады. Сол кезде Бишімбаевқа аталмыш хабарламаны байқамай жіберіп қойған-мыс.

Фото: Жоғарғы сот