Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот үкімі шықты

0

Өзінше билік ету және адам ұрлау баптары бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Елорда соты Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі бойынша құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жыл бас бостандығынан, Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 125-баптың 2-бөлігі 1,8-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде жеңілірек жаза неғұрлым қатаң жазаға ауыстырылып, Гүлмира Сатыбалды жалпы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 49-бабының негізінде оны мемлекеттік награда – «Құрмет» орденінен айыру туралы президентке ұсыныс енгізілді. Гүлмира Сатыбалды ісі Еске сала кетейік, 2022 жылы наурыз айында Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдының ұсталғаны белгілі болған еді. Жемқорлыққа қарсы агенттік Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалдының Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бағытталған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Сонымен қатар 2022 жылдың қыркүйек айында Антикор Гүлмира Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Биыл наурыз айында Астанада Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтіп, айыптаушы тарап Гүлмира Сатыбалдыға мынадай қылмыстар бойынша айып тағылғанын мәлімдеген еді: Қылмыстық кодекстің 389-бабының («Өзінше билік ету») 3-бөлігі – күш қолдана отырып немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы немесе адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру; 28-баптың 3-бөлігі, 125-баптың 2-бөлігі 1, 8 тармағы бойынша – алдын ала келісім бойынша адамдар тобымен жасалған қылмыс, адам ұрлауды ұйымдастыру.