Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс: Жәбірленуші сотта Бауыржан Байбек пен Назарбаевтың суреттерін көрсетті

0

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысында кәсіпкер, Гүлмира Сатыбалдының күйеубаласы Абай Жүнісовтің ағасы Қасым Жүнісов сөзін жалғастырды. Ол Baur Kazakhstan компаниясына жұмысқа бауыры Абай Жүнісов шақырғанын және Гүлмира Сатыбалдымен қалай байланыс жасағанын айтып берді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жұмысқа орналасқанда Қасым Жүнісов Гүлмира Сатыбалдымен кездескенін және Гүлмира оған жобаларын қолдау үшін әкімшілік ресурстарын ұсынғанын айтты.

«Гүлмира Сатыбалды бізге жақсы көмектесті. Біз оған Қайрат Сатыбалдымен және Назарбаевпен байланысы болғандықтан сендік. Соның нәтижесінде Түрксіб ауданындағы бірінші жобамыз бір жылда сәтті аяқталды. Жоспарланған екі мектептің орнына 1200 орындық бір мектеп салынды. Сонымен қатар екі Назарбаев зияткерлік мектебі салынды, олардың бюджеті 4,5 және 3,7 миллиард теңге болды. Оған қоса құны 24 миллиард теңге болған “Халық аренаның” құрылысы сәтті аяқталды. Барлық жоба мерзімінде аяқталғанын тіпті фотолардан көруге болады. Назарбаевтың өзі “Халық Аренаның” ашылуына қатысты. Сол кездегі Алматы әкімі Бауыржан Байбектен 1200 орындық химия-биология мектебін салу жобасын да алдық.», – деді Қасым Жүнісов.

Сонымен қатар сотта жәбірленуші тараптың адвокаттары Қасым Жүнісовтың Нұрсұлтан Назарбаев және Бауыржан Байбекпен бірге түскен фотоларын атап өтті. Олардың айтуынша, бұл фотолар жұмыс барысында ешқандай заң бұзушылық және сотпен келіспеушіліктер болмағанын білдіреді.

Олардың бұл сөзіне Гүлмира Сатыбалдының адвокаттары да пікір білдірді. Гүлмира Сатыбалдының адвокатының сөзінше, бұл фотолар Абай Жүнісов пен Қасым Жүнісовке Сатыбалдылармен бірге жұмыс істеген тиімді болғанын білдіріп тұр.

Судья бұл фотоларды ірі тапсырыстар алуға «әкімшілік ресурстарды пайдаланудың» дәлелі ретінде түсіндіруге болатынын айтса, қорғаушылар бұл фотолар керісінше «Сатыбалдылар мен Жүнісовтердің белгілі бір уақытқа дейін бірге жақсы жұмыс істегенін және жобаларды сәтті жүзеге асырғанын» дәлелдейді дейді.

  • Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (Заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (Зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
  • Онымен бірге Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (Заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.

Еске салайық, өткен жолғы сот отырысынан кейін Гүлмира Сатыбалдының адвокаты Әсемгүл Даниялова БАҚ өкілдеріне жауап беріп, жәбірленуші тарап қылмыстық істің мән-жайын бұрмалап жатыр деп мәлімдеген еді. Оның сөзінше, Гүлмира Сатыбалды ешқандай мүлікті тартып алған емес.